Көктемнің алғашқы күні де келіп жетті. Біреудің қаласында күн жылып, қар ери бастаса, басқа қалада әлі де қыс өз орнын берер емес. Қалай болғанмен, бүгін – көктемнің алғашқы күні. Бұл күннің көңіл-күйімізге әсер етпеуі мүмкін емес. Бұл күн өмірге жаңашылдықтар енгізуге себеп болсын. 

Көктем – жылдың ең романтикалық, ең сұлу маусымы. Бүкіл әлем қысқы ұйқыдан оянып, бақшада құстар сайрап, алғашқы гүлдер бүр жарып, ауада махаббат иісі қалықтап жатса одан асқан керемет бар ма?

Келе ғой көктемім

Келе ғой, көктемім, аңсаған,
Тазартшы, ызғардан аспанды.
Сен ғана әндерді бастаған,
Сен ғана бастаушы дастанды.
Жасартшы, жапырағын орманның,
Сайратшы, жырлампаз құстарын.
Көрейін қанатын арманның,
Көрейін әндетіп ұшқанын.
Жан берші мұз басқан өзенге,
Тыңдайын оның да жақсы әнін.
Селдетіп тағы бір жөнелсін
Бітпеген былтырғы дастанын.
Құтқаршы, қыстайғы тамұқтан,
Жылытшы, қойшының денесін.
Жазылсын тамағы қарлыққан,
Жып-жылы сары уыз жегесін.
Шықсын да жадырап жайлауға,
Қайтадан әнін бір бастасын.
Мұршам жоқ, айтуға, ойлауға
Қойшының күнінен басқасын.

Әбділдә Тәжібаев

***

Көктемде
 
Мына келген көктем бе?!
Сүйісуде кептерлер.
Көз ұшында, көк белде,
Түйісуде көк пен жер.
Тулап, тасыр арналар,
Нөсер құйып кеткесін.
Қыздырынып тау қалар,
Жалаңаштап көк төсін,
Тау бөктерлеп биледі,
Тамашалап ақ сағым.
Бөктер жақтың үйлері –
Сарайындай патшаның.
Қызыл-жасыл, сарыала,
Аспа көпір шұғыла.
Екі жағын қадаған,
Екі таудың шыңына.
Аспан асты, жер үсті,
Ойхой, неткен көкпеңбек!
Кеңейтті ғой өрісті,
Көптен күткен көктем кеп.
Мініп алып ңұр атқа,
Жігіт-көктем шертіп тұр.
Бір келіншек шуақта,
Есінейді елтіп құр.

Мұқағали Мақатаев

***

Көктем келіп қалыпты-ау

Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Алыпты жел бұлттарды көктен бөліп.
Шымырлаған шуаққа шыдай алмай,
Шыңылтыр мұз кешегі кеткен кеміп.
Жатқан жота оранып шекпен-қарға
Ұқсаушы еді бір мезет шеккен нарға.
Назың бар ма айтатын наурызыңа?
Өткен қысқа айтатын өкпең бар ма?!
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Қыстың күші шынымен кеткен кеміп.
Сүйікті бір күндерді әкетті ме ол
Сүйегіңді алғандай еттен бөліп.
Құларыңды білмейсің,
Сынарыңды.
Қандырғың да келеді құмарыңды.
Шағаладай шаңқылдап шалқарында,
Шарқ ұрып кеп іздейсің сыңарыңды!
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Жылы желді жетектеп жеткен бе елік?!
Көрінгенге көз сүзіп қобалжисың,
Көңіліңе бір сайтан кеткен бе еніп?!
Қыс-көңілдің көк мұзын келе бұзып,
Жүрек тулап, бір түрлі дене қызып,
Түні бойы шығасың дөңбекшумен,
Күні бойы жүресің елегізіп.
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Жүректердің гүл бағы кеткен бе өніп?!
Белгісіз бір қуаныш құшақ жайып,
Ыстық сезім сүйеді беттен мені!..
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп!

Қадыр Мырза Әли

massaget.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!