Фото: Мемлекеттік органдардың ресми сайты / GOV.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суды тік есептеу жүйесін ұсынған қазақстандық ғалым Диана Душниязовамен кездесті. Есептегіштер мен датчиктер қолданылатын көлденең есептен басты айырмашылығы — әзірлеме жерсеріктік деректерге сүйенеді.

Жаңа технология NASA және басқа да озық талдау орталықтарында қолданылатын компьютерлік алгоритмдерді пайдаланады, бұл адами факторды азайтады.

Алгоритм тек жерсеріктік суреттерге ғана емес, сонымен қатар далалық зерттеулер аясында жиналған мәліметтерге де негізделген. 

Мысалы, өсірілетін дақыл түрлері назарға алынады.

Әзірлеме авторларының айтуынша, жүйе осыған дейін есеп жүргізілмеген егіс алқаптарында судың көлемін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл белгілі бір учаскеге қажет судың нақты көлемін анықтауға және артық шығынды азайту үшін қажет.

Мысал ретінде жүйеге жиналған Түркістан және Жамбыл облыстарына қатысты деректер ұсынылды.

Таныстырылымнан кейін Нұржан Нұржігітов пен су ресурстары және ирригация министрлігінің департамент басшылары Диана Душниязоваға жүйенің техникалық сипаттамаларына, оны енгізу жолы мен бағасына, сондай-ақ деректерді жинау және талдау әдістеріне қатысты сұрақтарын қойды.

«Суару каналдарының тиімділігін бағалау үшін мұндай технологиялар өте маңызды. Бұл өз кезегінде суару жүйелерін реконструкциялау мәселесі қаншалықты өзекті екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, суармалы алқаптарға нақты жеткізілген судың көлемін келісімшартта көрсетілген деректермен салыстыру арқылы судың „қара нарығымен“ күресуге де көмектесуі мүмкін. Біз бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа технологияларға көшумен қатар заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу арқылы да кешенді жұмыс атқару қажет», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!