KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі медицина кадрларын даярлайтын клиника базаларының, университет ауруханаларының, резидентура базаларының және денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары клиникаларының қызметін реттейтін қағидаларға өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі.
Құжатта дәрігерлерді даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар жаңа норма көзделген. Атап айтқанда, «дәрігер-интерн» ұғымын ресми түрде бекіту, сондай-ақ жас мамандардың практикалық даярлықтан өтуіне қолайлы жағдай жасау ұсынылады.
– Ең басты жаңалықтың бірі – «дәрігер-интерн» ұғымын ресми түрде енгізу. Бұл медициналық жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін тәжірибелі дәрігерлердің жетекшілігімен кәсіби даярлықтан өтіп, практикалық дағдысын жетілдіретін маманның құқықтық мәртебесін айқындауға мүмкіндік береді, – делінген заң жобасында.
Сондай-ақ құжатта клиникалық базалар мен университет ауруханаларында оқу үдерісін жетілдіруге жағдай жасау қарастырылған. Бұл болашақ дәрігерлердің сапалы тәжірибеден өтуіне мүмкіндік беріп, көрсетілетін медициналық көмектің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға бағытталып отыр.
Министрліктің мәліметінше, дәрігер-интерндер мен резиденттердің емдеу үдерісіне қатысуы қолданыстағы талаптарға сәйкес және білікті мамандардың бақылауымен жүзеге асырылмақ.
Ведомство практикалық тәжірибе жинақтау дәрігерлерді даярлаудың маңызды бөлігі екенін және халықаралық тәжірибеге сай келетінін атап өтті. Бұйрық жобасы қабылданса, медицина кадрларын даярлау жүйесін жетілдіруге, білім беру ұйымдары мен медициналық мекемелердің өзара байланысын нығайтуға және жас дәрігерлердің кәсіби қалыптасуына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Құжат 27 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
