Жаз мезгілінде балмұздаққа сұраныс артады. Алайда өнімді таңдағанда оның дәміне ғана емес, қауіпсіздігі мен сақтау талаптарына да ерекше мән беру қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жаздың аптап ыстығында балмұздақ балалар мен ересектер жиі тұтынатын тағамдардың біріне айналады. Дегенмен өнімді сатып аларда оның сапасы мен қауіпсіздігін мұқият тексеру қажет. Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұқамғали Арыспаев айтты.

Оның айтуынша, балмұздақты тасымалдау немесе сақтау талаптары бұзылса, өнім еріп, кейін қайта мұздауы мүмкін. Мұндай жағдайда балмұздақтың дәмдік қасиеті төмендеп қана қоймай, адам денсаулығына қауіп төндіретін микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы орта қалыптасады.

Балмұздақты тек арнайы тоңазытқыш жабдықтары бар дүкендерден және белгіленген сауда орындарынан сатып алған дұрыс. Көшеде, күннің астында немесе сақтау талаптары сақталмаған жерде сатылып тұрған өнімді таңдамаған жөн. Сонымен қатар қаптамасының бүтіндігіне міндетті түрде назар аудару керек. Егер қаптамасы жыртылған, ашылған, суланған немесе деформацияланған болса, ондай өнімді сатып алмаған дұрыс. Балмұздақтың жаншылып, бір жағына қарай ағып қатып қалуы оның еріп, кейін қайта мұздатылғанын көрсетуі мүмкін, – деді Мұқамғали Арыспаев.

Маманның сөзінше, өнімнің заттаңбасын да мұқият оқу қажет. Қаптамада балмұздақтың атауы, құрамы, өндіруші туралы мәлімет, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, тағамдық және энергетикалық құндылығы көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ сүт ақуызына, жаңғаққа, шоколадқа немесе басқа тағамдық компоненттерге аллергиясы бар адамдар аллергендер туралы ақпаратқа ерекше көңіл бөлгені жөн.

Балмұздақтың сыртында немесе ішінде ірі мұз кристалдарының болуы сақтау температурасының бірнеше рет өзгергенін білдіруі мүмкін. Қаптаманы ашқан кезде өнімнен жағымсыз иіс шықса немесе оның түсі мен құрылымы өзгергені байқалса, мұндай балмұздақты тұтынуға болмайды. Сатып алынған өнімді ыстық жерде ұзақ ұстамай, мүмкіндігінше тезірек үйге жеткізу керек. Еріген балмұздақты қайта мұздатуға болмайды. Сондықтан өнімді таңдағанда оның қаптамасының бүтіндігін, жарамдылық мерзімін, құрамын, сақтау жағдайын және сыртқы пішінін міндетті түрде тексерген жөн. Сапалы әрі қауіпсіз балмұздақты таңдау – өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын қорғаудың маңызды шарты, – деді департамент басшысының орынбасары.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!