Қазақстанда денсаулығына байланысты көлік басқаруға болмайтын жүргізушілер туралы мәлімет ішкі істер министрлігінің базасына енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, медициналық мәліметтердің белгілі бір түрін ІІМ-нің автоматтандырылған базасына интеграциялау көзделіп отыр.

«Бұл шаралар денсаулығына байланысты көлік басқаруға қарсы көрсетілімі бар азаматтардың рөлге отыруының алдын алуға мүмкіндік береді», – деді Екатерина Смышляева.

Ал депутат Нұртай Сабильяновтың сөзінше, осы уақытқа дейін денсаулығына байланысты көлік жүргізуге болмайтын жүргізушілерді көлік басқару құқығынан айыру тек сот шешімі арқылы жүзеге асырылып келген.

«Бұл көп уақытты талап етеді және денсаулық жағдайына байланысты көлік жүргізуге болмайтын адамдардың көлік тізгіндеуін жалғастыруына мүмкіндік береді. Ал бұл жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», – деді депутат.

Мәліметке сәйкес, азаматтардың нақты диагноздары ішкі істер министрлігіне берілмейді. Тек денсаулық жағдайына байланысты шектеу бар екені жөнінде «көлік құралын басқаруға тыйым салынған» деген белгі ғана көрсетіледі.

Сонымен қатар мәжілісте жүргізушілерді даярлау және жол қауіпсіздігі саласына қатысты заң жобасы да қаралып жатыр. Оған сәйкес, автомектептердің жұмысына бақылауды күшейту ұсынылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!