Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу кезінде тестілеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрлігімен бірлескен пилоттық жоба аясында жүргізуші куәліктерін беру қызметін көрсету кезінде сәйкестендірудің ерекше әдістерін және тестілеудің жаңа жүйесін пайдалану бойынша жұмыс жалғасуда. Сәйкестендіру тестілеудің басында да, кезең-кезеңімен де жүзеге асырылады. Жалған тұлғалардың қатысу мүмкіндігі алынып тасталады. Жаңа жүйеде теориялық және практикалық емтихандарды қабылдау үдерістеріне жүргізілген талдау қорытындылары бойынша тікелей теориялық емтихан тапсыру сәтінде емтихан сыныбында компьютерге қашықтан қосылу бөлігінің осал тұстары жоқ. Теориялық емтиханның теріс нәтижесін кейіннен оң нәтижемен ауыстыру мүмкіндігіне де жол берілмейді»,- делінген министр жауабында.

Бағдат Мусинің атап өтуінше, тестілеу удерісі толығымен «жұқа» клиентке ауыстырылды. ОГның артықшылығы өнімділікті арттыру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік деңгейін көтеру болып саналады.

«Бүгінгі күні тестілеу жүйесіне заңсыз араласу бөлігіндегі осалдықтар алынып тасталды. Сонымен қатар, желілік инфрақұрылым нақты уақыт режимінде бақылау үшін оқиғалар мен қауіпсіздік ақпаратын жинау және талдау жүйесімен (SIEM жүйесі) біріктірілген. Жоғарыда аталған жаңа тестілеу жүйесінің арқасында, алдыңғы жылдармен салыстырған кезде қазіргі таңда емтиханды тапсыру едәуір жоғары сапада өтетіндігін, үміткерлердің басым бөлігі қажетті нәтиже жинай алмау салдарынан қайта емтихан тапсырып жатқанын, соның салдарынан жүргізуші күәлігін алу бойынша жүгініп жатқан үміткерлердің саны артып отырғанын айтып өту қажет», – деді ол.