«Қызылорда тазалығы» мекемесі қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарып келеді. Мекеме бойынша жалпы штаттық бірлікте 600-ге жуық адам қызмет атқарады. Оның ішінде арнайы топтар, шеберлер, операторлар және өзге де мамандар бар.

Мекеменің негізгі міндетіне көше сыпыру, бордюр әктеу мен олардың жиектерін тазалау, жаз айында су себу, ал қыста қардан тазарту жұмыстары кіреді. Сонымен қатар, қала аумағындағы аллея мен саябақтардың, жалпы көшелердің тазалығына тікелей жауапты.

Санитарлық тазалықтан бөлек, мекеме қоқыс шығару қызметін де жүйелі түрде жүзеге асырады. Мәселен, қала бойынша 1050-ге жуық көпқабатты тұрғын үй қамтылған және бұл аумақтардан қоқыс күнделікті шығарылады. Ал жеке сектордағы жұмыс бағытының өзіндік айырмашылығы бар, мұнда қоқыс арнайы бекітілген кесте бойынша жиналады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, мекеме жұмысына заманауи цифрлық бағдарламалар енгізілуде. Қазір «Қызылорда тазалығы» мекемесінде бақылау мен қадағалауды күшейтетін «Waste Management» бағдарламасы іске қосылған.

Қоқыс жинау және тасымалдау қызметімен айналысатын барлық қызметкер арнайы гаджеттермен қамтамасыз етілген. Бұл құрылғыларға орнатылған арнайы бағдарлама арқылы жұмысшылар қоқысты алу барысында және алғаннан кейін фотофиксация жасап, жүйеге енгізіп отырады. Гаджетте іске қосылған жасанды интеллект жүйесі бұрын түсірілген немесе жалған суреттерді қабылдамайды. Бұл жұмыстың нақты әрі сапалы орындалғанына сенімді көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Мұндай цифрландыру үдерісінің нәтижесінде барлық жұмыс барысын монитор арқылы жүйелі басқаруға жол ашылды. Арнайы бағдарламаның көмегімен көліктің базадан қашан шыққанын, қай техниканың қай бағытта жүргенін, қай аумақта қоқыс алынып, қай жерде алынбағанын нақты уақыт режимінде көруге болады.

Бұл жүйенің енгізілгеніне 2 ай болған және оның жұмыс өнімділігі мен сапаны арттырудағы тиімділігі жоғары. Алдағы уақытта бағдарламаға жеке секторды (жер үйлерді) да қосу жоспарлануда. Айта кетерлігі, бұл электронды жүйені қалалық әкімдік пен жауапты министрлік те тікелей бақылап отырады.

Сонымен қатар, Жедел басқару орталығында да осы жүйеге ұқсас бақылау орнатылған. Қала бойынша 500-ден астам бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Оған қоса, шаһар аспанында күнделікті 5-6 дрон ұшып, бақылау жүргізеді. Жедел басқару орталығының камералары мен дрондардың көмегімен белгіленбеген орындарға қоқыс тастау деректері анықталып, заң бұзушыларға тиісті айыппұл салынуда.

Қызметкерлердің орташа жалақысының өсу динамикасы: 2023 жылы − 170 000 теңге, 2024 жылы − 230 000 теңге, 2025 жылы − 270 000 теңге, 2026 жылы − 300 000-340 000 теңге. Кадрлық құрамға келсек, тазалық бөлімінде 204, көгалдандыру және су жеткізу бөлімдерінде 45 қызметкер бар. Сонымен қатар 3 диспетчер, 79 жүк тиеуші және 50 қосалқы жұмысшы еңбек етеді.

Жүргізушілер құрамында 112 штаттық бірлік қаралған. Оның ішінде нақты 106 жүргізуші және 6 слесарь-моторист маманы бар. Ал инженерлік-техникалық қызметкерлердің саны 23 адам.

Техникалық әлеуетке келсек, мекеме теңгерімінде жалпы 178 дана техника бар. Арнайы техникалар саны − 129, қоқыс тасымалдаушы техникалар − 29, маусымдық (қысқы/ жазғы) көше тазалау техникалары − 75, жеңіл автокөліктер саны − 19 дана.

Міне, «Қызылорда тазалығы» мекемесіне табан тіреп, азды-көп көргеніміз − осы.

Гауһар АБАТ,
Бексұлтан АКБИСЕНОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!