Наурыз мейрамының қарсаңыңда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Қызылорда облысының, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Парламент Сенаты баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдымен Қармақшы ауданы «Жаңажол» ЖШС-нің қырманында ауданның көктемгі егінге дайындық жұмыстарымен танысып, егінге қажетті су және жер үлескерлері мәселелерін талқылады. Сенаторлар жүздесулер барысында ақпан айында Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалдарында Сырдария өзенінің күрт төмендеп кеткендігі және тиісті шаралар қабылдау қажеттігі айтылғаны туралы хабардар етті. Ақпан айында Үкімет басшысы Өзбекстан Республикасына барып, Президентімен кездескенде «Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайына және Қазақстан Республикасының оңтүстіктегі өңірлеріндегі суармалы жерлерді вегетациялық кезеңде сумен қамтамасыз ету» мәселесіне ерекше назар аударылып, екі жақты келіссөздер өткізген болатын. Сенаторлар сондай-ақ аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысып, жаңа аппараттармен және толық дәрі-дәпмекпен қамтамасыз етілу, телмедицина, санавияция желісін тиімді пайдалану және одан әрі дамыту жолын қарастыру төңірегінде әңгіме қозғады. Жалағаш ауданындағы «Агро Холдинг Қызылорда» ЖШС ғимаратында шаруашылық басшыларымен кездесіп, көктемгі егіс науқанындағы субсидия мен тыңайтқыштардың дер кезінде жеткізілуі мәселелері де сөз болды.

Кейін сенаторлар жаңадан салынған 100 төсектік аудандық ауруханаға барып, медицина қызметкерлерімен, пациенттермен сөйлесіп пікір алмасты. Сапардың соңына қарай Сырдария ауданының «Углесбыт» ЖШС-нің күріш ақтау зауытының жұмысымен танысып, шаруашылық басшыларымен және мәслихат депутаттармен кездесті. Шіркейлі ауылдық округіндегі аппаттық жағдайдағы фельдшерлік-амбулаториялық пунктінің жағдайын көріп, депутаттар ФАП-тың тыныс-тіршілігінің проблемалық жақтарына, медициналық қызмет көрсету жүйесінің мәселелеріне де алаңдаушылық білдірді.

Сыр өңіріндегі кездесулер барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауының негізгі бағыттары мен саяси реформалары бойынша еліміздің жаңа бағытта өркендеуі туралы деректер айтылып, жұртшылық жан-жақты хабардар етілді. Сенаторлар кездесуде тұрғындардың барлық өтініштерін тыңдап, мемлекет тарапынан еліміздегі білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күрес, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру, мемлекеттік қызметтің тиімділігін көтеру сияқты күнделікті өмірдегі мәселелерге ерекше мән беріліп отырғандығын жеткізді.

Сенаторлардың Сыр өңіріндегі кездесулері жақсы өтіп, өңір тұрғындарының көкейкесті проблемалық мәселелері қолға алынатыны және алдағы уақытта Сенат қабырғасында Үкімет мүшелерінің алдына шығарылатыны туралы айтылды.