Апта басында Арал аймағынан ақжолтай хабар жетті. Бір күнде екі зауыт ашылып, жергілікті жұрт жаңа жоба жайлы жарыса жаза бастады. Түйе сүтінен ұнтақ шығару зауыты мен ас тұзын өндіретін цехтың іске қосылуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған игі бастама екені анық.
Арал халқы үшін түйе сүті ̶ құнарлы өнім ғана емес, дертке дауа сусынның бірі. Төрт түлікті қадірлейтін мұндағы жұрт енді шұбат шығарып қана қоймай, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ алуды жолға қоюда. Сөзіміздің дәлелі ̶ жылына шамамен 400 тонна өнім өндірілетін жаңа зауыт. Айта кетейік, мұнда 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл зауыттың тың әрі озық бастама екенін аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы ерекше атап өтті.
– Баршаңызды аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі – түйе сүтінен ұнтақ шығару зауытының ресми ашылуымен құттықтаймын! Бұл өңір экономикасының дамуына тың серпін, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек, ̶ деген болатын. Осы ретте аймағымызда ірі инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асуда. Соның бірі ̶ 3 млрд теңгеге салынған «Қазақ Кэмел» компаниясының түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау зауыты. Жалпы, елімізде түйе сүтін өңдейтін кәсіпорындар бар болғанымен, өнеркәсіптік деңгейде құрғақ ұнтақ өндіретін зауыттар өте аз. Сондықтан бұл ̶ бірегей әрі маңызды бастама, ̶ деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдыру үшін күніне 20 мың литр сүт қажет.
Бұл жергілікті тұрғындар үшін тиімді болары анық. Себебі түйе сүтін күнделікті өткізіп, тұрақты табыс табады. Жергілікті өнімге сұранысты арттыру мақсатында келісімшарт жасалып, алдағы 10 жылда Қытай нарығына экспорттау жоспарлануда. Мемлекеттік қолдау аясында зауытқа индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі берілген. Сондай-ақ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы Қытайдан қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алуға 1,8 млрд. теңге қаржы қарастырылған.
Өңірде экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биыл 100 млрд. теңгеге 21 жоба іске қосылады деп жоспарланған.

Ел игілігіне берілген өндіріс орнының екіншісі – Арал қаласындағы жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауыты. «Тоғыс ̶ Аралотын» серіктестігі жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауытына 1,8 млрд. теңге қаржы салған. Ал жылдық қуаттылығы ̶ 40 мың тонна. Мұнда 20 адам жұмыспен қамтылған. Мемлекеттік қолдау аясында 4 гектар жер телімі беріліп, қажетті инфрақұрылым тартылған. Зауыт өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, көршілес мемлекеттерге де экспортталады.
Г. НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!