Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қауіпсіздік пен эпидемиологиялық жағдайға байланысты азаматтарға Иран және кейбір Африка елдеріне сапарға шықпауға кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сенат кулуарында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев қазіргі уақытта қауіп деңгейі жоғары, саяси тұрақсыздық байқалатын немесе эпидемиологиялық ахуалы күрделі елдерді атады. Оның айтуынша, қазір қазақстандықтарға Иран мен Африканың бірқатар елдеріне бару ұсынылмайды.

“Африка елдерінде эпидемиологиялық жағдай күрделі. Ал Таяу Шығыстағы қақтығыс бәріне белгілі. Сондықтан біз Иранға және Африканың бірқатар мемлекеттеріне сапарға шықпауды қатаң түрде ұсынамыз”, – деді ол.

Сыртқы істер министрлігі өкілдері сондай-ақ қай елге барса да, Қазақстан азаматтары барған мемлекеттің заңдарын сақтауға міндетті екенін еске салды.

“Қазақстан азаматтары барған елдің заңдары міндетті түрде орындалуы тиіс екенін түсінуі керек. Шетелге шыққан әрбір азамат қабылдаушы мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті”, – деді Ашықбаев.

Наурыз айында Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты бірқатар елге сапардан бас тартуға кеңес берген болатын. Тізімге:

  • Бахрейн;
  • Мысыр;
  • Израиль;
  • Иордания;
  • Ирак; 
  • Иран; 
  • Катар; 
  • Кувейт; 
  • Ливан; 
  • Біріккен Араб Әмірліктері; 
  • Оман;
  • Сауд Арабиясы;
  • Сирия және Йемен енгізілген.

Кейін, 27 наурызда, министрлік Мысыр бұл тізімнен шығарылғанын хабарлады. Ведомство бұл шешімді елдегі қазіргі жағдайдың тұрақтануымен және халықаралық әуежайлар мен туристік аймақтардың қалыпты жұмыс істеуімен түсіндірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!