Қоғам алға жылжып, салт-дәстүріміз сүзгіден өтіп жаңаруда. Бұл – заңды жайт. Халқымыз құндылықтарымыздың бағалау деңгейін түсіріп алған. Дүркіретіп, асыра сілтеумен жасалатын тойлар мен жиындар көбейді. Ежелден отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған қазақ халқының салт-дәстүрі таусылмас. Жарысып жасаған тойды бақталастықпен, асыра сілтеушілікпен істейтін адамдар көбейген. Баласын үйлендіремін деп несие алып, ешкімнен кем болмайтындай, ұятқа қалмайтындай ата-аналар дүркіретіп той жасап береді. Кететін шығын, оның орнын ұзақ уақыт бойы жауып, түбінде кей отбасылар сол алған несиелерін жабуымен кикілжіңге жол береді.

Қазақта тағы бір керемет сөз бар “Көрпеңе қарап көсіл” деген. Бір-бірімен тату тәтті тұрудың қамын ойлаудың орнына, екі жақтың отбасысы дүние теңестіре алмай әлек болады. Кәде сыйын (қалың мал) жарысып беріп, тіптен бұрынғы заманда да болмаған дәстүрлер шығарды. Мәселен, “ана сүті” деген ұғым бар екені белгілі, ал “әке күші” деген кәде сый уақыт өте келе шыққан. Ана сүтінің маңызы, аялап, тәрбиелеп өсірген анасының ақ сүтіне кәде сый беру. Ал, “әке күші” өзгеше дәстүрдің белгісі.
Сырға салу, ұзату, құдалық, беташар рәсімдерін қазақ халқы әр елді-мекенде өздерінің тұрмысына байланысты өткізеді. Құдалық рәсімінде “киіт” атты кәде сый, қалың мал, қыз жасауын табыстайды. Әдеп-ғұрып бойынша бөлінген жұрт рәсімдерді дүркіретіп, жарыса жасайды. Қыз жасауында сандық жинаудың мәні зор. Бәлкім, жаңа заман дәлелі болғандықтан болар, қыз жасауын сатып алынған техникалық құралдар мен аса қымбат киімдерге толтырады. Ал, көненің көзіндей етіп, әжелеріміз тоқып берген көрпе мен көрпенің орны тіптен көрінбейді. Ауыз толтырып айтатын өзге де тұстары бар.
Даңғарадай үлкен тойханаларда 500-700 адам шақырып, той жасап, үлкен торт кесіп, той үстінде түрлі ерсі қылықты ойындарды ойнау да біздің халқымыздың құндылықтан аттағаны секілді. Бұл Еуропаға еліктеудің әсерінен пайда болған.
Той уақытында жастардың – көлік шеруі. 10-15 көлік мініп, көше бойын шулатып жүреді. Жалға алынған көліктермен жол бойында кедергілер тудырып, көңіл күйін көтеруі босқа кеткен уақыт пен қаржының белгісі.
Тойдың жақсы өтуіне үлес қосатын – асаба. Келген қонақтың көңілін тауып ойын ойнатып, әсем әнмен көмкеру, зілсіз әзілдер айту міндеті. Кей кезде асабалар көңіл-күйді көтеремін деп ерсі ойындар мен бағдарламалар жасап жатады. Ондағы жайттарды жасы үлкен де, жасы кіші де балалардың көруі ұлттық тәрбиеге әсер етеді. Әлі буыны қатпаған жас жеткіншектердің өз туғандарының көрер көзге ұят боларлық қылықтарын көруі болашақ өміріне үлкен әсер берері анық
Той – қазақтың қазынасы. Оның құндылығы мен маңызын, тәрбиесін жойып алмауға әрекет жасаған жөн.

Әнел САЛМАН,
Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық
қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!