Колумбияның Каука департаментіндегі Панамерикан тас жолында автобустың жарылуы салдарынан кемінде 20 адам қаза тауып, тағы 36 адам жараланды. Зардап шеккендердің арасында бес бала бар, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға 26 сәуір, жексенбі күні болған. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың күші соншалық, адамдарды бірнеше метрге дейін ұшырып жіберген.
Каука департаментінің губернаторы Октавио Гусман бұл оқиғаны бейбіт тұрғындарға бағытталған шабуыл деп атады.
Билік өкілдері бұл теракт үшін «Хайме Мартинес» қарулы тобын жауапты деп отыр. Аталған топ бұрынғы FARC (Колумбияның революциялық қарулы күштері) мүшелерінен құралған және бейбіт келісімнен кейін қаруды тастаудан бас тартқан жауынгерлерден тұрады.
Жергілікті биліктің мәліметінше, соңғы екі күнде елдің оңтүстік-батысында бейбіт тұрғындар зардап шеккен кемінде 26 зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген.
Қауіпсіздік жағдайының ушығуы Колумбиядағы сайлау науқанының шешуші кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Президент сайлауы 31 мамырға жоспарланған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
