Қазақстан құрамасы Қытайдың Хэфэй қаласында өткен ескек есу спортынан Азия чемпионатында жалпы есепте 3-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жарыс Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңдерінің бірі саналады.
Құрлықтық бәсекеде қазақстандық ескекшілер сенімді өнер көрсетіп, қоржынға 2 алтын, 5 күміс және 9 қола медаль салды. Осы нәтижемен команда Қытай мен Өзбекстаннан кейінгі үшінші орынға табан тіреді.
Чемпионаттың соңғы күні ұлттық құрама тағы 7 жүлдемен толықты. Оның ішінде 3 күміс және 4 қола медаль бар. Байдаркада 500 метр қашықтықта Бекарыс Раматулла күміс жүлдеге қол жеткізсе, 5 шақырымдық бәсекеде Кирилл Тубаев пен Стелла Суханова да үздіктер қатарынан көрінді.
Қола жүлделер каноэдағы аралас экипаж Сергей Емельянов пен Руфина Искаковаға, сондай-ақ Мария Бровкова мен Стелла Сухановаға бұйырды. Әйелдер құрамасы сапында өнер көрсеткен Эвелина Костенко, Ольга Шмелёва, Татьяна Токарницкая және Стелла Суханова да жүлдегерлер қатарынан табылды.
Жарыс жас спортшылар үшін де маңызды сынақ алаңына айналды. 16 жастағы Эвелина Костенко ересектер арасындағы Азия чемпионатында алғаш рет бақ сынаса, 19 жастағы Владислав Руденко да тұңғыш рет халықаралық деңгейде өнер көрсетті.
Команда сапында Ольга Шмелёва ерекше нәтижесімен көзге түсті. Ол 4 медаль жеңіп алып, оның ішінде 1 алтынды еншіледі. Стелла Суханова да жоғары деңгейде өнер көрсетіп, 1 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлдемен чемпионаттың ең нәтижелі спортшыларының бірі атанды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
