Тергеу отбасы мүшелерінің әртүрлі мерзімде қаза тапқанын анықтады. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысындағы жантүршігерлік отбасы қырғынына қатысты жаңа деректер жария болды. Сот-медициналық сараптама күдікті Сұлтан Сәрсемалиевтің ақыл-есі дұрыс екенін көрсетті.
Тергеу мәліметінше, Жангелдин ауылындағы қылмыс әртүрлі уақытта жасалған. Сараптама қорытындысы бойынша, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамыр айында көз жұмған. Қалған үш адамның өлімі қараша айына сәйкес келеді.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, барлық марқұмның денесінен ас үй пышағымен салынған бірнеше жарақат анықталған. Әрқайсысында кемінде алтыдан астам кесілген және тесілген жара бар. Дәл осы жарақаттар өлімге себеп болған.
Төрт адамның өліміне күдікті ретінде танылған Сұлтан Сәрсемалиевке жүргізілген психиатриялық сараптама оның әрекетіне толық жауап бере алатынын көрсетті. Ал оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның психикалық жағдайы әлі тексеріліп жатыр. Ол арнайы медициналық мекемеде бақылауда. Қорытынды бір ай ішінде шығуы тиіс, бірақ мерзім ұзартылуы мүмкін.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қанды оқиғаға отбасылық жанжал түрткі болған. Қазіргі таңда бұл іске басқа тұлғалардың қатысы анықталған жоқ.
Сондай-ақ белгілі болғандай, Сәрсемалиев қылмыс ашылған сәтте ел аумағында болмаған. Ол желтоқсан айында шекарадан заңды түрде өткен.
Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің «екі және одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша іс қозғалған. Бұған қоса, мал сату және қаржылық алаяқтық белгілері бойынша қосымша істер тіркелген.
Іс бойынша барлық сараптамалар аяқталғаннан кейін ғана күдіктілердің әрекетіне толық құқықтық баға беріліп, нақты айып тағылмақ. Әзірге істің сотқа қашан жолданатыны белгісіз.
Еске салсақ, Жангелдин ауылындағы отбасы 2025 жылдың соңында із-түзсіз жоғалып кеткен. Кейін олардың денелері табылып, қылмыстың мән-жайы кезең-кезеңімен ашылды. Күдіктілер шетелде ұсталып, елге жеткізілген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
