Балалар жылына орай облыстық білім басқармасының қолдауымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған ХVII республикалық «JULDYZAI» балалар шығармашылығы фестивалінің облыстық кезеңі өтіп, жеңімпаздар анықталды.

«Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткізілген байқаудың қорытынды кешіне қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мен «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, ақын Мақсат Дауылбай жеңімпаз оқушыларды құттықтап, арнайы алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.

«JULDYZAI» фестивалі – ерік-жігерлері ерекше мықты балалардың өміріндегі жаңа баспалдақ. Жаймашуақ көктем күнінде облыстың әр түкпірінен келген өнерпаздарымыз өз өнерлері мен шығармашылық туындыларын ұсынатындығы бойымызға бір қуаныш сыйлап отыр. Мен бүгінгі шараға қатысқан барлық балаларға шексіз ризашылығымды білдіремін. Себебі, балалардың өнерінен өмірге деген сүйіспеншілік, күш-жігер, рух сезіледі. Осы биіктікті төмендетпеңдер, мен сендерге сенемін. Жарайсыңдар балалар», – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Фестивалдің облыстық кезеңіне барлық аудандардан қатысқан 68 өнерлі балалар вокал, хореография, аспаптық орындау, әнді ым-ишара арқылы орындау секілді төрт номинация бойынша өнерлерін көрсетті. Сайыс нәтижесінде 12 өнерлі өрен жеңімпаз атанып, Түркістан қаласында өтетін республикалық Гала-концертке жолдама алды.

Шара соңы ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы және Зекет қайырымдылық қорының облыс бойынша өкілі Оңталап Тасболатұлының қолдауымен қатысушы балаларға ойын-сауық орталығында мерекелік кешімен жалғасты.

Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және қазақстандық қоғамда инклюзивті ортаны қалыптастыруға ықпал етуді мақсат тұтқан шара биыл 17-ші рет өткізілуде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!