Жамбыл – әдебиет отауының керегесін керіп, уығын шашып, шаңырағын көтеріп, атадан жеткен асыл сөздің арнасын кеңейтіп, әдебиетке сақталы сыбаға қосқан жүз жылдық жүрек иесі. Жамбылдай маржан сөздің марқасын дүниеге әкелген  Жетісу өңірі әдеби май­тал­мандарға  бай өлке.

Заман желі мен дәуір тынысының ахуалына бағынса да, өзі өмір сүрген кезеңнің шындығын айта білген дарабоз ақын Жамбыл аталуының себебін былайынша түсіндереді:

 «Байғара, Жамбыл тауда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым содан».

Балалығынан қоңырқай тіршілік кешкен Жамбылдың ғұмы­рында сәу­лелі тұстар көп. Ықы­лым заман­нан есімі дүйім жұртқа белгілі Бөлтірік шешеннен, атақты Сүйінбай ақыннан бата алған ақын есімі елге ертеден-ақ белгілі болған. Заманында Абаймен үндес болып, алпауыт кезеңдерде ел ішіндегі мәселелерді көтере білген ақын шығарма­шылығының әде­биетте алар орны бөлек.

Өлең сөздің дүлділі,  айтыскер, абыз жырау, жауынгер жырмен Жамбыл шығармалары әлемнің ондаған тілдеріне аударылып, ақынды КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері етті. XX ғасырдың Гомері атандыр­ды. Көзі тірі­сінде әде­биет­тегі ең алғашқы жазу

сьезіне қаты­сып, абы­ройы асқақтады, дүние жүзіне есімі мәшһүр болды.

Жамбыл­дың ұлылығы сол-екі  дәуірді жалғап тұр. Қазақтың тұтастай эпостық дүниесін жеткізіп, өзінен кейінгі әдебиет өкілдеріне айрықша әсер ете білді.  Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, Орынбай Тайманов сынды суырып-салма ақындардың бәрі Жамбыл мектебінің түлектері.

Ақынның «Шағым», «Зілді бұйрық», «Өстепкеде», «Патша өмірі тарылды» өлеңдері елдің саяси әлеуметтік өмірін ашық көрсетті. Күрескер ақын қазаққа қырғидай тиіп, көп дүниеге тыйым салып, қыспақта ұстаған жоғарыдағылардан қаймықпаған. Себебі, бойында жыраулық, жауынгершілік қасиеттерді ұштастырған. Меніңше, Жамбыл әлемі әлі толық зерттелмеді. Оның революцияға дейінгі өмірі назардан тыс қалып, ақынның азаматтық қыры айтылмайды десем де артық емес.

 «Жамбыл – ақын – ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс» дейді классик жазушы Мұхтар  Әуезов. Даралығы – шын атын «халық» деп есептейтігінде, халықпен бірге тыныстап, бірге күн кешетіндігінде. Саяси лириканың шекпенін күйген ақынның қай жырларынан болмасын, қазақтың басындағы ауыртпалықты анық көреміз. Жасампаз ақын қазақтың қоңыр үніне салып жыраулық дәстүрді де қалыс қалдырмай, миллион жол өлеңді мүдірместен жатқа айтқан. Шындық жырланған, ақиқат ат үстінде айтылған Жамбыл өлеңдерінің өміршеңдігі келер ұрпаққа салынған сара жол іспеттес. Бүгінде Жамбыл есімі төрткүл әлемге танымал, көптеген мемлекетте ақын атына көше беріліп,  ескерткіштер бой көтерген.

Сондай-ақ алпауыт ақын, қайраткер Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өткені қай жағынан алсақ та, құба-құп.

Дильназ Дүкенбай