«Не молчи» қорының жетекшісі асқан қатыгездікпен өлтірілген алматылық Аяжан Еділованың бүгін жерленгенін хабарлады
АЛМАТЫ, 16 сәуір – Sputnik. Алматыда кісі қолынан қаза тапқан Аяжан Еділованың сүйегі жер қойнына тапсырылды. Бұл туралы «Не молчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі хабарлады.
«Бүгін, 2021 жылдың 16 сәуірінде Аяжан Еділова жерленді. Көңілді, белсенді, табанды, еңбекқор қыз 20 наурызға қараған түні қылмыскердің құрбаны болды. Туыстары Аяжанның денесін мырыш табытқа салынған күйде алды. Орны толмас қаза, иманды болсын», – деп жазды Таңсәрі.
Аяжан Еділованың өлімі
Алматыда 19 жастағы Аяжан Еділова 19 наурызда жоғалып кетті. Оны соңғы рет жұмыста көрген. Қызды іздеу бірнеше күнге созылды. Оның көз жұмғаны 22 наурызда белгілі болды. Оның бөлшектенген денесі Нұркент ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінен табылды.
Қылмысқа күдікті ретінде Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Полиция оның үйінің есігін бұзып кіргенде күдікті қолына пышақ алып, өз мойнын тіліп үлгерген. Дәрігерлер оны құтқарып қалды.
«Араларында жанжал шыққан. Жанжалдың нәтижесінде ол қыз баланы өлтіріп, қылмыстың іздерін жасыру мақсатында оның денесін бөлшектеген. Қылмыс аса қатыгездікпен, жауыздықпен жасалған», – дейді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Кейін Аяжан Еділованың өзін азаптап өлтірген ер адаммен бірге лифтіге кіріп бара жатқаны түсірілген видео жарияланды.
Егер ұсталған адамның кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылдан 20 жылға дейін сотталуы немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!