Елбасы-ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атта кейінгі ұрпаққа үндеуінде тың ой, тағылымды пайым бар. Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті. Елбасының бұл үндеуі жастардың санасына серпін береді деп сенемін. Қазіргі кезде жастар өзінің болашағы үшін білімнің қажет екенін жақсы түсінеді.

Өскелең ұрпақтың білімге құштар болуы – келешек кепілі. Елбасы жастарға үндеуінде дәл осы ойды меңзеді.  Сонымен қатар ұлтаралық татулық ішкі тұрақтылықтың алтын діңгегі екенін атап өтті. Елімізде көптеген ұлт өкілі өмір сүріп жатыр. Олар сан салада қызмет атқарып, мемлекеттің дамуына өз септігін тигізуде. Тәуелсіздігімізді 30 жыл бойы сақтап келе жатқанымызға себепші факторлардың бірі – ұлтаралық татуластық. Біздің жастар білімге, сауаттылыққа тартылса, өте беделді, гүлденген ел болып қала береміз. «Бірлік пен келісім, отбасы мен салт-дәстүр, жер мен ұлттық мәдениет – барлығы да баға жетпес құндылық». Елбасы Тәуелсіздіктің негізгі жеті тұғырын тайға таңба басқандай анық көрсетіп берді. Кейінгі буын өкілдері оның болашаққа бағдар боларына сенімді.

«Біз Тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Сындарлы саясат жүргізіп, әлеуеті зор нарықтық экономикалық жүйе қалыптастырдық. Ең бастысы, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізіп, елдігіміз қайта жаңғырды. Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек», – деді тұңғыш президент Н.Назарбаев.

Осы үндеудің төртінші  тарауында «Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Отанға деген сүйіспеншілік – өз отбасыңа, ауыл-аймағыңа, еліңе деген махаббат пен жанашырлықтан басталады. Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт. Жаһандану үдерісі тұрмысымыз бен салт-санамызға өзгеріс әкелгенмен, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан бас тартуға болмайды. Қай кезеңде де біз үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет» екендігі де атап өтілген.  

Осы бағытта «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламаларында бекітілген жобалар негізінде отбасындағы ата-ана рөлі, бала тәрбиесі турасында тұрақты семинар, конференциялар өткізіліп тұрады. Бұл ұлтымыздың жарқын болашағы жастардың өміржолына тың серпін бермек. Алдағы уақытта да осы бағыттағы дүниелер жүйелі жүргізіле беретін болады.

Аманжол ОҢҒАРБАЕВ,

облыстық мәслихат депутаты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!