Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінің кіреберісінде ерекше сәулетімен көзге түсетін жаңа «Ербатыр ата» мешіті ел игілігіне берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.

Шара Қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Мүфти хазірет өз сөзінде мешіттің қоғамдағы рухани-әлеуметтік рөлі мен маңызына тоқталып, Алла үйін салған азаматтардың сауабы мен дәрежесі жоғары екенін атап өтті.
Жиынға өңірге белгілі азаматтар — облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Жолкелдіұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы және Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Абзал Жұмашұлы қатысып, қала тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады.

Екі қабатты, жалпы ауданы 946,72 шаршы метрді құрайтын жаңа құлшылық үйі бір уақытта 700 адамды қабылдай алады. Нысан құрылысы 2022 жылы жеке кәсіпкер Абзал Ералиевтің демеушілігімен басталған болатын.

Мешітте ерлер мен әйелдерге арналған бөлек намаз залдары, имам кабинеті, Құран оқытып, неке қидыратын арнайы бөлме, екі дәрісхана және заманауи технологиямен жабдықталған дәретхана қарастырылған.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша 195 мешіт халыққа қызмет көрсетуде. Оның 24-і облыс орталығында орналасқан болса, «Ербатыр ата» мешіті — Қызылорда қаласындағы 25-ші құлшылық үйі атанды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!