Фото: Kazinform/ЖИ

Солтүстік Қазақстан облысына жыл басталғалы еңбек күші артық өңірлерден үш мыңға жуық адам көшіп келді, – деп хабарлайды KAZINFORM.

СҚО Еңбек мобильділігі орталығының мәліметінше, бұдан бөлек 129 мүшесі бар 48 қандас отбасы қоныс аударды. Олар Қытай халық республикасынан, Ресей мен Өзбекстаннан келген.

Биыл СҚО-ға қоныс аударушылар үшін 800 отбасыға немесе 2820 адамға арналған өңірлік квота белгіленген. Қазіргі таңда жоспар 99,9% орындалып отыр.

Ал қандастарға арналған өңірлік квота 68 отбасыға, яғни 207 адамға арналған.

Еңбек мобильділігі орталығындағы қандастарды бейімдеу және интеграциялау бөлімі азаматтарды келген сәттен бастап кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Мамандар құжат рәсімдеу, жұмысқа орналасу, тұрғын үй іздеу, балаларды білім беру ұйымдарына орналастыру және медициналық көмек алу мәселелерін шешуге көмектеседі.

Атап айтқанда, азаматтарға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу, абоненттік телефон нөмірін рәсімдеу, электрондық цифрлық қолтаңба алу және тұрғылықты жері бойынша тіркелу кезінде көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда құжаттарды аудару және көші-қон қызметі органдарына бару кезінде сүйемелдеу ұйымдастырылады.

Сонымен қатар қандастар мен қоныс аударушыларға Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, өңірлік квотаға енгізілу, әлеуметтік жәрдемақыларды рәсімдеу және құқықтық мәселелер бойынша консультациялар беріледі.

Мамандар келген азаматтарға Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері, заңнама негіздері және шағын бизнес ашу мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қазақ және орыс тілдерін үйренуге де жәрдем көрсетіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!