Фото: АШМ

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 511,3 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 41,5%-ға өсті, – деп хабарлайды KAZINFORM.

Алматыда өткен Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы аясында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары — су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Эрлист Акунбековпен кездесті.

Кездесу барысында министрлер агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда көлемін ұлғайту, өндірістік кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 511,3 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 41,5%-ға өсті. Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 418,9 млн АҚШ долларына жетті.

2024 жылмен салыстырғанда дәнді дақылдар жеткізілімі 4 еседен астам, ал майлы дақылдар 1,5 есеге өсті.

Қазақстан дәнді және майлы дақылдарды қайта өңдеу өнімдерін, күнжараны, күнбағыс майын, құс етін және сұранысқа ие басқа да өнімдерді экспорттау көлемін ұлғайтуға дайын.

— Өзара саудада тұрақты оң динамиканы көріп отырмыз және оның көлемін одан әрі арттыруға, жеткізілетін өнім түрлерін кеңейтуге, сондай-ақ елдеріміз арасындағы кооперациялық байланыстарды нығайтуға мүдделіміз, — деді Айдарбек Сапаров.

Тараптар бейінді ведомстволар бұған дейін қол қойған 2026–2027 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді ұлғайту жөніндегі Жол картасы аясындағы өзара іс-қимылды жандандыруға келісті.

Құжат жеткізілетін өнім түрлерін кеңейтуді, сондай-ақ өзара сауда көлемін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды көздейді.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі — ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Қырғызстан жұмыс тобының қызметі.

— Қырғыз Республикасы Қазақстанмен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береді. Біз өндірістік кооперацияны дамытуға да мүдделіміз. Қол жеткізілген уағдаластықтар мен бірлескен жобаларды іске асыру қолда бар әлеуетті толық пайдалануға және елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, — деп атап өтті Эрлист Акунбеков.

Кездесу қорытындысы бойынша министрлер ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екі ел арасындағы өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге дайын екендерін жеткізді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!