ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегілер азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынған қаражатты қандай емге жұмсай алатынын түсіндірді.

Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесі 2021 жылғы 15 ақпанда бекітілген және 2021 жылғы 17 ақпанда Әділет министрлігінде тіркелген.

– Жинақталған зейнетақы қаражаты есебінен азаматтар орфандық аурулардан емделе алады, Қазақстан аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтерге (тісті протездеу, имплантация), операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды реконструктивті және қалпына келтіру операцияларына (пластикалық), сондай-ақ мастэктомия, радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер пышақ), протонды терапия, офтальмологиялық қызметтерге ала алады.

Ол үшін азамат БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы біржолғы зейнетақы сомасын анықтауы қажет.

«Егер қордағы сома жеткілікті болса, онда азамат тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, дәрігерлік комиссияның біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы қорытындысы қажет», – деді Г.Сәрсенбаева.

Дәрігерлік комиссия өтініш берген күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы не медициналық көрсеткіш болмаған жағдайда бас тарту туралы шешім қабылдайтын болады. Қорытынды дәрігерлік комиссияның отырысы өткізілген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде беріледі.

Медициналық комиссия рұқсат еткен жағдайда өтініш беруші медициналық ұйымды таңдап, шарт жасасуы қажет. Содан кейін, ЭЦҚ көмегімен уәкілетті оператордың интернет-ресурсында өзінің жеке кабинетін ашып, онда сомасын, пайдалану мақсатын көрсете отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне электрондық өтінішті толтыру, дәрігерлік комиссия қорытындысының сканерленген көшірмелерін, медициналық ұйыммен емдеу туралы шартты бекітіп және өзінің ЭЦҚ-мен куәландыру қажет.