Ай сайынғы шығынды үнемдеп, шаймен бірге талғажау болар тоқашты азайтып, баланың да аузынан жырып ақша жинап, енді үй алуға бір қадам жақындадым дегенде сан соғып қалуыңыз мүмкін. Иә, бүгінде «мен кімге алдана қоямын» дейміз ғой, бірақ жеме-жемге келгенде алаяқтың арбауына қалай түскенімізді білмей де қаламыз.
Бүгінгі тақырып нарықты игеріп, халықты тонаудың түрлі әдісін меңгерген, сатушы мен сатып алушының жұмысын «жеңілдететін» қара риелторларға арналады.
Көлеңкелі бизнестен бағын тапқан мамансымақтар жоқ пәтерді сатады, жалға береді. Мысалы 2024 жылы Бостандық аудандық полиция басқармасына бес шағым түскен. Арызданушылар жоқ пәтерді жалға алу үшін риелторға ақша төлеп, алданған көрінеді. Осылайша 26 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Сол жылы мамырда Қарағанды облысы Полиция департаменті бір топ азаматтың әрекетін тоқтатты. Олар 14 пәтерді заңсыз рәсімдеген. Ал былтыр Астанада 45 жастағы әйел адам өзін тәжірибелі риелтор ретінде таныстырып, пәтер алып беремін деп әлеуметтік желі арқылы жұмыс істеген. Мамандардың айтуынша, ол бірнеше тұрғыннан әртүрлі көлемде алдын ала төлем алған. Ал бастапқыда сенімге кіру мақсатында пәтерлердің суретін, құжатын көрсетуден де тайынбаған көрінеді. Кейіннен уәдесін орындамай, түрлі сылтаумен ақшаны қайтармаған. Сол уақытта тәртіп сақшылары осыған ұқсас 30-ға жуық эпизод бар екенін анықтады. Шығынның мөлшері − 175 миллион теңге. Ал 29 жастағы әйел «Krisha.kz» сайтында үйлерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялаған. Жәбірленушілерге Астана, Алматы қалаларында және «Бурабай» демалыс базасында үйлерді жалға беруге уәде еткен. «Жедел іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Күдіктінің 5 эпизодқа қатысы бар екені анықталды», − деген еді сол уақыттағы жауапты мамандар.
«Ай-ай, риелтор» деп отқанымызда, мына бір деректі көз шалды. 24 жастағы Қазақстан азаматы өзін жылжымайтын мүлік бойынша агент, риелтор деп таныстырып, бірнеше адамның ақшасын иемденген. Мұндай кәсіпті 2018 жылы бастап, арада бір жыл өткен кезде ұсталған көрінеді. Ол да әлеуметтік желі арқылы жұмыс істеген. Ең сорақысы мұндай алаяқтық тәсілін Нью-Йоркте іске асырған.
ЗАҢ ЖОҚ ЖЕРДЕ, ДЕЛДАЛДЫҢ ДЕГЕНІ БОЛАДЫ
Неге заң бұзып, қомақты қаржы тауып, пайдаға кенелмеске?! Себебі риелторлық қызметке, риелторларға арналған арнайы заң, тіркейтін құжат та жоқ. Төтеннен келген әркім өзін маман ретінде таныстырып, әрине айласын асырады.
− Қазақстанда риелторлық қызметке қатысты мәселе әлі де өзекті. Қазір елімізде риелторлардың қызметін толық әрі жеке реттейтін арнайы заң жоқ. Яғни «Риелторлық қызмет туралы» дербес заң қабылданбаған. Сол үшін бұл салада бірыңғай лицензиялау, міндетті кәсіби талаптар немесе қатаң бақылау тетіктері толық қалыптаспаған, − дейді заңгер Азамат Марат.
Бірақ кінәлі қайтсе де жазалануы керек қой…
− Иә, риелторлардың әрекеті жалпы азаматтық, қылмыстық және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамалармен реттеледі. Егер азамат алаяқ риелтордың әрекетінен зардап шексе, ол құқық қорғау органдарына арыз жазып, келтірілген шығынды өндіруді талап ете алады. Мұндай іс көбіне Қылмыстық кодекстегі алаяқтық баптар бойынша қаралады. Егер риелтор жалған ақпарат беріп, сенімге кіріп ақша иеленсе немесе бір мүлікті бірнеше адамға ұсынып, алдын ала төлем жинаса, бұл қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Менің ойымша, қазіргі жағдайда риелторлық қызметті лицензиялау, бірыңғай реестр енгізу және кәсіби жауапкершілікті міндеттеу мәселесін күшейту қажет. Бұл әрі азаматтардың қауіпсіздігін арттырады, әрі нарықтағы адал мамандардың беделін қорғайды, − деп түсіндірді заңгер.
Құжат мәселесі бойынша толық ақпарат алу үшін Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттеу қауымдастығының президенті Лариса Степаненкомен байланысқа шықтық. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда риелторлық қызметті лицензиялау қарастырылмаған. Дегенмен кәсіби жұмыс істеу үшін кәсіпкерлік субъекті ретінде ресми тіркелу, клиентпен жазбаша келісімшарт жасау, кәсіби стандарттарды сақтау, білімін жетілдіру және біліктілігін арттыру секілді маңызды қадамдарды орындау қажет. Кәсіби бірлестіктер берген сертификаттар маманның құзыретін қосымша растайтын құжат ретінде бағаланады.

Ақшаң қолда, ал көзің телефондағы «Krisha.kz»-те. Ұнаған үйді, мүлікті көрдің, хабарластың, бірақ тұтқаны шаңырақтың иесі емес, риелтор алады да, көргің келсе «мынша ақша аудар» дейді. Әрдайым алдын ала төлем арқылы жұмыс істейтін олар ойына келген сомманы айта салады. Сол секілді риелторды жалдаған сатушы да қомақты көлемде қаржы төлейді.
Жылжымайтын мүлікті риелторлық қызмет арқылы сату да, алу да қымбат екенін түсіндік. Ал келесі жылдары қызметтің бағасы тағы да өсуі мүмкін. Себебі алдағы үш-бес жылда жылжымайтын мүлік нарығындағы сандар қымбаттайды. Сәйкесінше риелтордың да құны өзгермек. Ал дербес заң секілді, алдын ала төлем мен комиссия мөлшерінің де бекітілген көлемі жоқ.

ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ,
ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты:«Иә, риелторларға қатысты арнайы заң немесе заңда оған қатысты түсінік енгізілуі керек, келісемін.
Нарық еркін болған соң түрлі риелторлық компания жұмыс істейді, клиенттеріне қолайлы жағдай жасайды. Бірақ қызметтің де құны кейде қолжетімсіз болады. Рас. Жылдар бойы жинаған қаражатына баспана аламын дегенде риелторлық қызмет көрсететіндер жарты немесе бір миллионға жуық ақы сұрайды.
Өзіңіз айтқан қара риелторларға келсек, олар кімнің қандай мүмкіндігі бар екенін де шамалап түсінеді. Соған орай құқықтық, қаржылық сауаты төмен адамдардарды пайдаланады. Мысалы келісімшартқа алдын ала қол қойдырып, кейін өзі ұсынған үйлерден бас тартқан жағдайда шартта көрсетілген мөлшердегі сомманы төлеуге мәжбүрлейді. Өзім де осындай жағдайдың куәсі болдым. Жәбірленушінің құқығын қорғап, бұл іске араласып, оңынан шешілуі үшін жұмыс істедік.
Риелторлардан бөлек әр банкте брокерлер бар. Олар тұрғын үйге кезекке тұрғызу, кезекті жылжыту, арнайы жеңілдікпен мемлекет субсидиялаған бағдарламаларға тіркеу секілді қызмет көрсетеді. Ал шындығына келгенде, бұл есепте тұрған азаматтардың ақысына кіру, жолын бөгеумен тең. Осы әрекеттерді де заңға қайшы деп есептеймін. Әрине, барлығына бірдей топырак шашпаймыз. Өте сауатты, білікті, қызметін адал орындайтын мамандар бар. Бірақ әлеуметтік желіде жарнамасы да ашық жасалатын, бастапқы жарна сұрамай, тіпті несие төлей алатын мүмкіндігіңді растамай-ақ кезекке тіркейтін брокерлердің де жұмысына бақылау орнату керек. Тексеру жүргізу немесе банк қызметкерлеріне мұндай қосымша қызметпен айналысуға тыйым салу қажет.
Қазіргі цифрландыру заманында барлық азамат дағдыларын дамытса, өзі де заңды түрде кезекке орналасып, өзіне қажет барлық қызметті жасай алады. Мысалы бүгінде жалған нотариус та кездеседі. Сөзіңізге қосыламын. Жалған келісімшарт, қолхат арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, сол арқылы алдайды. Бұл да алаяқтық схеманың бір жолы ретінде қарастырылу керек.
Әуелі заңда материалдық норма ретінде риелторлық қызмет туралы ұғым, кейін жауапкершілігі қосымша қаралуы керек деп ойлаймын».
Енді еске түсірек, риелтордың негізгі міндеті қандай еді?
− Кәсіби риелтордың жұмысы тек сатып алушы мен жалға алушыны іздеумен шектелмейді. Бұл нарықты талдау, нысанды таңдау, келіссөз ұйымдастыру, құжаттарды тексеру, заңдық және қаржылық мәселелер бойынша кеңес беру, мәмілені рәсімдеу процесін сүйемелдеу және клиент үшін ықтимал тәуекелдерді азайту жұмыстарынан тұратын кешенді қызмет. Риелтордың басты міндеті – клиенттің мүддесін қорғау және мәміленің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету.
Кәсіби риелторлар мен алаяқтардың әрекетін бір деңгейде қарастыруға болмайтынына назар аударған жөн. Нарықта адал жұмыс істеп жүрген мамандар үшін ең басты мақсат – саланың ашықтығын арттыру, кәсіби стандарттарды қалыптастыру және азаматтардың жылжымайтын мүлік нарығына деген сенімін күшейту, − деді Лариса Владимировна.
ПСЕВДОМАМАНДАР АЙЛАСЫН ҚАЛАЙ АСЫРАДЫ?
Ал қара риелторлар қалай әрекет етеді? Мамандар олардың жұмысында жиі қайталанатын бірқатар алаяқтық схема бар екенін айтады.
− Олар жалған хабарландыру жариялап, бірақ нарықтағы бағағадан әлдеқайда төмен баға ұсыну, пәтерді резервте ұстау үшін немесе алдын ала төлем талап етіп, кейін байланысқа шықпау, үй иесінің атынан жалған сенімхат жасап, бөтен мүлікті заңсыз сату, жалға беру, жалған мекенжай жазу секілді тәсілдерді қолданады.
Иә, алаяқ риелторлар ұсталады. Бірақ мұндай істерде дәлел өте маңызды. Жәбірленуші полицияға неғұрлым ерте жүгінсе және қолында келісімшарт, түбіртек, хабарлама секілді айғақтар болса, істің ашылу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады.
Өкінішке қарай, көп азамат келісімшартты құжат жүзінде заңдастырмайды, кей жағдайдаға ақшаны бергенін дәлелдейтін түбіртегі де болмайды. Мұндай жағдайда алаяқтың әрекетін әшкерелеу өте қиын. Сондықтан кез келген риелторлық қызметке жүгінген кезде міндетті түрде жазбаша шартпен рәсімделуі керек, ақша аударымын банк арқылы жасап, барлық хабарлама мен құжаттың сақталғаны дұрыс, − дейді заңгер Азамат Марат.
«Үйдің иесі қазір қалада емес», «құжатты сәлден кейін жіберемін». Бұл да алдап-арбаудың өтімді жолы. Қаймана қазақ әркімді өзіндей көріп, Құдайдай сенеді ғой. Ал оны арамзалар өзінің пайдасына шешіп әлек болады.

Бизнестің көлеңкесінде жүргендердің құрбаны болмау үшін компанияның немесе маманның ресми тіркеуін тексеру, келісімшартты қол қоймас бұрын мұқият оқу, көрсетілетін қызмет түрлерін және сыйақы мөлшерін нақтылау, төлем құжаттарын сақтау, құжаттардың түпнұсқасын бермеу қажет, қолма-қол төлемнен сақ болу ұсынылады. Сонымен қатар маманның беделін, бұрынғы клиенттердің пікірін және жұмыс тәжірибесін алдын ала зерттеген жөн. Осындай сақтық шараларымен бөліскен Қазақстан риэлторларының өзін-өзі реттеу қауымдастығының президенті Лариса Степаненко псевдо-риелторды қалай анықтауға болатынын да айтты.
– Келісімшарттың, тіпті кеңсенің болмауы, реквизиттер мен құжаттарды көрсетуден бас тарту, қызметтің ақысын шұғыл төлеуді талап ету, «таныстар арқылы шешіп беремін» деген уәделер, қысым жасау және шарттарды толық түсіндіруден қашу – міне, кәсіби риелтормен алаяқты осы секілді белгілер арқылы ажыратурға болады, – дейді Лариса Владимировна.
Мұндайда расымен қырағылық керек. Егер бұл белгілерге мән бермесеңіз, сан соғып қаласыз. Мысалы 28 жастағы Алина есімді қызылордалық тұрғын Қарағанды қаласына демалуға барып, алаяқтарға алданған. Жайлы, таза пәтер тапқанына қуанып, үйді басқа адамға беріп қоймау үшін «үйдің иесіне» 23 мың теңге аударған. Ал Қарағандыға табан тірегенде пәтер де, риелтор да жоқ, далада қалды. Жай ғана пәтер жалдаймыз деп арбалғанға қарап, жылжымайтын мүлікті саудалағанда тіптен сақтық керек екенін осыдан-ақ түсінесіз.
Қалай десек те, үй алу мәселесі − әр адамның арманы, болашағы, берекесі, жылдар бойғы жиған-тергенінің нәтижесі. Ал сол жолға көлеңке түсіріп әлек болып жүрген қара риелтор, алдап ақша жинаймын деп, өзгенің обалына қалмаңыз!
Ә.ЖАНӘБІЛ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
