Фото: Damumed
Қазақстанда алаяқтар өзін емхана қызметкері ретінде таныстырып, жаңа алдау схемасын қолдана бастаған. Астана қаласының 78 жастағы тұрғыны осындай алаяқтардың біріне алданып, қыруар қарызға батып кете жазғанын айтады, – деп хабарлайды KAZINFORM.
— Бір кісі хабарласып, өзім тіркелген «Салауатты Астана» емханасынан қоңырау шалғанын айтты. «Иммунитетке байланысты қан тапсыруға жазып қояйық, орын шектеулі, 08:45–те бір ғана орын қалып тұр» деді. Мен онсыз да ертең емханаға барамын дедім. Олар менің терапевтке баратынымды, қай кабинетке кіретінімді, дәрігерімнің аты-жөнін де біліп отырды. Сосын «жоқ, сіз 09:45–те барады екенсіз, мен шатастырып айтыппын» деді, — дейді Айман Меңдібаева Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
— Кейін жоспарлы тексеру екенін айтты. Қандай дәрі ішетінімді сұрады. Сосын «қазір сізге код жіберемін, сол кодты маған айтыңыз, телефоныңызды өшірмеңіз, өйткені орын шектеулі» деді. Мен сеніп қалып, кодты айтып қойдым. Олар кешке майлы, сүтті тағам жемеңіз, таңертең ашқарынға келіңіз, маска тағып келіңіз, кешкі ішетін дәріңізді ішпеңіз деп бәрін түсіндірді. Мен бәрін орындап, таңертең емханаға бардым, — дейді кейіпкеріміз.
Қоңырау шалған адам Айман Меңдібаеваның атына жолдама жазып, кіреберіске қалдыратынын айтқан.
— Барсам, маған ешқандай жолдама берілмепті. Сосын қан тапсыратын жерге барып, жағдайды айттым. Олар компьютерден тексеріп, менің аты-жөнім жоқ екенін айтты. Сол екі ортада маған «вам кредит одобрен» деген хабарлама келді. Сол кезде қатты қорқып кеттім де, балама хабарластым, — дейді Айман апа.
Кейін оған тағы бір адам хабарласып, өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған.
— «Сізге осындай алаяқтар хабарласқан екен. Олар сіздің атыңыздан әртүрлі банктерден несие рәсімдеуі мүмкін. Сол үшін бізбен хабарласыңыз, арыз жазуыңыз керек» деді. Мен қайда баруым керектігін сұрадым. Олар ешқайда барудың қажеті жоқ екенін, арызды менің атымнан өздері жазатынын айтты, — дейді спикер.
Айман Меңдібаеваның сөзінше, алаяқтар құрбанын оңай құрыққа түсіру үшін оңаша жерде сөйлесуін сұраған. Тіпті дегендері орындалмаған соң дереу ашуға булыққан көрінеді.
— Сөйлесіп отырғанда дауыстары дұрыс естілмей, телефон өшіп қалды. Кейін қайта хабарласты. Ол кезде мен жақын жердегі дүкенге кіріп кеткен едім. Олар менен қайда тұрғанымды сұрады. Дүкенде екенімді айттым. «Жаныңызда көп адам болмасын, жақсы естілу үшін сыртқа шығыңыз» деді. Сыртқа шыққанымда телефоным тағы өшіп қалды. Қайта хабарласып, «неге телефоныңызды өшіре бересіз, бұл сізге керек қой. Қандай жағдайға душар болғаныңызды білесіз бе?» деп ұрысты. Сол кезде балам келіп қалып, телефонды өзі алды. Олар балама да «телефонды шешеңе бер, сен неге аласың?» деп ұрысты. Балам бұлардың да алаяқ болуы мүмкін екенін айтып, қоңырауды өшіріп тастады, — дейді ол.
Кейіпкер өзінің мұндай жағдайға тап болған жалғыз адам еместінің жеткізді.
— Кейін емханаға барып сұрадым. Олар да ештеңе білмейді екен. «Сізден бұрын да осындай бір әйел келген. Оған да дәл осылай хабарласқан, бірақ ол кодты айтпаған» деді. Олар да алаяқтардың бұл ақпараттарды қайдан алғанын білмейді екен, — дейді Айман Меңдібаева.
Бұл жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ақпараттық жүйелерде азаматтардың жеке деректерін қорғау бойынша қауіпсіздік шаралары енгізілгенін мәлімдеді.
— Бүгінгі таңда жекелеген жағдайларды қарау барысында медициналық ақпараттық жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу фактілері медициналық қызметкерлердің өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбаларын, тіркелу деректерін, растау кодтарын және өзге де сәйкестендіру құралдарын үшінші тұлғаларға беру жағдайларымен байланысты екені анықталды, — делінген министрліктің ресми жауабында.
Сондай-ақ ведомство ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік бойынша жүйелер тұрақты тексеруден өтетінін хабарлады.
— Денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелер ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша тұрақты түрде тексерулерден және бақылау рәсімдерінен өткізіледі. Сонымен қатар, киберқауіпсіздік тәуекелдерін ескере отырып, жеке деректерді қорғау тетіктерін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді жауаптылар.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Qamqor порталының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері елімізде 13 914 алаяқтық дерегі тіркелген. Алаяқтардың ең көбі қылмысын Алматы қаласында жасаған.
Алматы қаласы — 2545 дерек;
Астана қаласы — 2116 дерек;
Алматы облысында — 1486 дерек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!