Қазақстанда әлеуметтік төлемдер алу үшін көмектесуге дайын алаяқтар тағы шықты. Бұл жолы олар 50 000 теңге көлемінде жәрдемақы алу үшін ұсынылған карта нөміріне «БЖТ төлеуді» ұсынуда, – деп хабарлайды Stopfake.kz

Төлемді Telegram мессенджерінде чат-бот арқылы алу ұсынылады. Ол үшін ұсынылған карта нөміріне 2917 теңге, яғни бірыңғай жиынтық төлемді жіберу керек. Бұдан кейін азаматтарға жәрдемақы алатындарына «100% кепілдік» беріледі.

50 000 теңге мөлшеріндегі жәрдемақы 2020 жылы Birgemiz қоры есебінен төтенше жағдай кезінде төленген болатын. Ол еліміздің осал азаматтарына берілді, төлемді алу бірыңғай жиынтық төлем төлеуге байланысты емес.

ТЖ және қатаң карантин кезеңінде мемлекеттік бюджет есебінен 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төленді. Бұл төлемдерді алуға өтінімдерді қабылдау өткен жылдың қыркүйегінде аяқталды.

Қазіргі кезде бірыңғай жиынтық төлемге байланған 50 000 теңге мөлшерінде төлемдер төленіп жатқаны туралы ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоққа шығарды.

– Бұл жалған ақпарат. 50 мың теңге көлеміндегі төлем өткен жылы Birgemiz қорынан төленді. Бұл төлем БЖТ төлеуге байланысты болған жоқ. Ал ТЖ кезінде 42500 теңге көлемінде төлем алуға үміткер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға БЖТ төлеу қажет болды,- деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Александр Кононец.

Алаяқтар тұрғындарды әлеуметтік төлемдер төлейміз деп бұған дейін де алдаған.