Елестетіңіз. Сырлас досыңызбен дәмханада отырсыз. Сыртта жаңбыр сіркіреп тұр, іштегі атмосфера да ерекше. Сіз оған өміріңіздегі ең маңызды жаңалықты, жүрегіңізді мазалаған сырыңызды немесе жаңа жоспарларыңызды ерекше құлшыныспен айтып отырсыз. Кенет әңгімелесушінің телефонына хабарлама келді. Ол сөзіңізді бөлмесе де, жанары сәл де болса шетке ауып, қолы автоматты түрде экранға жөнеледі. Басын изеп, «иә, иә, тыңдап отырмын…» деп айтады. Алайда оның зейіні сол сәтте виртуалды әлемге еніп кеткен еді. Таныс көрініс пе?
Осы бір көзге қораш, бірақ көңілге қаяу түсіретін мінез-құлықтың ғылымда өз атауы бар. Бұл – фаббинг. Біз мұны зиян әдет ретінде қарастырамыз. Бірақ шын мәнінде бұл тәуелділікке айналып кетті.
«Фаббинг» ағылшын тіліндегі телефон және біреуді елемеу, менсінбеу сөздерінің бірігуінен туындаған. Бұл сөз алғаш рет 2012 жылы Аустралияның Macquarie сөздігін шығарушылар мен McCann жарнама агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған арнайы науқан аясында дүниеге келді. Олар қоғамдағы жаңа кеселді сипаттау үшін ең қонымды терминді іздеп, әдебиетшілер мен тіл мамандарының басын қосты.
Содан бері ондаған жылдан астам уақыт өтсе де, бұл ұғымның өзектілігі төмендеген жоқ, керісінше, оның шекарасы кеңейе түсті. Бүгінде фаббинг – жаныңдағы адамды елемей, бар назарыңды смартфонға аудару. Бұл феноменді ғылыми тұрғыдан алғашқылардың бірі болып АҚШ-тың Бэйлор университетінің профессорлары Джеймс Робертс пен Мередит Дэвид зерттеді. Олардың романтикалық қарым-қатынастардағы фаббингтің әсерін бағалауға арналған зерттеуі үлкен сенсация тудырды.
Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, тәжірибеге қатысқан ересек адамдардың 46,3 пайызы өз серігі тарапынан фаббингке ұшырайтынын мойындаған. Олардың 22,6 пайызы дәл осы смартфонға телміру әдетінің кесірінен арада үлкен жанжалдар туындайтынын айтқан. Яғни әрбір төртінші жұптың арасындағы кикілжіңге телефон тікелей себепші болып отыр. Сонымен қатар жеке адам үшін фаббинг социалды изоляция мен остракизмге әкелетінен дәлелдеген.
Ұлыбританиядағы Кент университетінің психологтары Варот Чотпитаясунонд пен Карен Дуглас та бұл мәселені қарастырды. Олардың тұжырымы бойынша, фаббинг тұйық шеңбер құрайды. Сіз біреуден фаббинг көрген сайын, өзіңізді жайсыз сезініп, мазасыздықты басу үшін қолыңызға телефон аласыз. Нәтижесінде, сіз де айналаңыздағыларға фаббинг жасай бастайсыз. Осылайша, бұл кесел қоғамда қалыпты нормаға айналып барады.
– Біз смартфондардың қарым-қатынасымызды қалай бұзып жатқанын байқамаймыз. Адамдар бір бөлмеде физикалық тұрғыда бірге отырғанымен, эмоционалды түрде бір-бірінен мыңдаған миль қашықтықта болады, – дейді Бейлор университетінің профессоры Джеймс Робертс.
БАЛА МЕН АТА-АНА
Иә, фаббинг таныстардың арасында жиі кездеседі. Әрбір ортада кем дегенде бір адам фаббингке ұшырайды. Бірақ бұл кезде әр адам өзіне жауапты. Яғни, кейінгі салдарының болу не болмауы ересек адамның шешімі. Ал егерде фаббинг ата-ана мен бала арасында болған кезде жағдай қандай болмақ?
Бұл жайлы метаанализдің 2026 жылғы зерттеуіне зер салайық. Мұнда 3 пен 12 жас аралығындағы 63 000-нан астам баланы қамтыған 14 елден 47 тәуелсіз зерттеулерден алынған дерек қаралған. Оның қорытындысына сәйкес, ата-ананың тарапынан көрсетілген фаббинг балаға көбірек әсер береді. Төрт жасар бала анасының жұмыс істеп отырғанын түсінбейді. Ол тек ата-анасының назарынан тыс қалғанын ғана байқайды. Бұл күніне жеті немесе одан да көп рет қайталанса, балалар кортизол деңгейінің созылмалы жоғарылауын және жақындарына деген сенімін төмендетеді. 9 жасқа дейін фаббингпен кездескен балаларда мазасыздық 2-3 есе және өзін-өзі қабылдаумен мәселелер 3 есе жиі кездеседі.
Көріп тұрғандарыңыздай, мәселе көңілді көншітпейді. Басты қиындық ешқашан балада болған емес. Ол әрдайым ата-ананың балаға көңіл бөлмеуінен. Ал кейіннен үйден ұялы телефонды жайлы жайт деп қабылдаған балада смартфонға тәуелділік басталады. Ал оның бала денсаулығына әкелетін әсері жайлы психолог пікіріне зер салсақ.
– Қазіргі таңда телефон балалар үшін тек байланыс емес, бөлек эмоциялық әлем. Ол арқылы бала кино, ойын-сауық, хабар алмасады. Бірақ мұндағы контент қызығушылықты тез тартып алады. Ләззат алу жүйесіне әсер етеді. Нерв жүйесіне де әсер етуі мүмкін. Уақытша дофамин, адреналин гормондарын бөледі. «Клиптік сана» қалыптасады. Сол себепті қазіргі балалар ұзақ уақыт кітап оқып отыра алмайды. Олардың психикасы қысқа контентті талап етеді. Үлкендердің өзі телефонды жиі пайдаланса, бала оны қалыпты мінез-құлық ретінде қабылдайды. Гаджет мәдениетін ерте жастан қалыптастыру керек, – дейді психолог Индира Каниева.
Материалда атап өткеніміздей, бала ата-ана тарапынан болатын фаббингті ауыр қабылдайды. Ал ересектердің өзі бұған қалай қарайды?
Шуаа Әлжасирдің «Ерлі-зайыптылар арасындағы фаббинг пен қарым-қатынасқа қанағаттанудың тұжырымдамалық моделін сынау» атты еңбегінде осы пайым қарастырылады. Зерттеудегі көрсеткіш 3,158-ді құрайды. Оның ішінде фаббинг деңгейі – 0,87, ал қарым-қатынасқа қанағаттану – 0,74-ті құрайды. Ал қалған нәтижелер әлеуметтік желіні шамадан тыс қолдану секілді тараптар. Байқағандарыңыздай, ересектер де фаббингбен жиі кездеседі.
Бұл мәселеге шешім бар ма? Осы орайда психолог Ержан Мырзабаев атаған бірнеше фактор бар.
– Біріншіден, бір күнді интернетсіз өткізу керек. Екіншіден, достармен көңіл көтеруге жиналар алдында ұялы телефон әкелмеуді өзара ақылдасу немесе отырыс алды смартфондарды жинап алу. Үшіншіден, уақытты қадағалау керек, – дейді ол.
Осы мәселенің шешімін іздей отырып, Сәкен Нұрқабектің әңгімесі еске түседі.
Бір күні Бейсен аға екеуіміз кафеде шай ішіп отырмыз. Неге екені есімде жоқ, көңіл күйім жоқ еді. Бұл жолы да салғыртпын.
– Сен үшін қазір ең қымбат адам кім? – деп төте сұрақ қойды. Не деп жауап берерімді білмей, жұрттың бәрі айтатын тіл ұшындағы жауапты айттым.
– Шешем.
– Таппадың.
– Кішкентай қызым шығар.
– Таппадың.
– Білмейм онда. Өзіңіз айтыңыз.
– Саған қазір ең қымбат адам кім екенін білмеймін, бірақ кім болуы керек екенін білемін.
– Кім?
– Мен. Дәл қазір мен болуым керек. Алдыңда кім отырса, қасыңда кім тұрса, кіммен сөйлесіп тұрсаң сол адам саған ең қымбат адам. Ал егер жұмыс істеп жатсаң – жұмысың, көлік айдап келе жатсаң – жол қымбат.
Гаджет өмірімізді жеңілдететін тамаша құрал екені сөзсіз. Бірақ ол өмірдің өзін алмастыра алмайды. Экранның жылтыр шынысына телміріп, қасымыздағы адамның жанарындағы мұң мен қуанышты байқамай қалмайық. Жастық шақтың ең тәтті сәттері, достармен өткізген думанды кештер мен отбасының жылуы экранның арғы бетінде емес, осы жерде, қазіргі сәтте орын алып жатыр.
М.МАЙБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
