2021 жылдың қаңтар-ақпанында 649 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«2021 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 128,8 мың отбасындағы 649 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл мақсатқа бюджеттен 122,8 миллиард теңге бөлінді», – делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіліп жатыр.

2021 жылдың 1 наурызындағы мәлімет бойынша АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 154,3 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, 106,4 мың отбасындағы 524,3 мыңнан астам қазақстандыққа 2021 жылғы I тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мемлекеттік инстанцияға жүгінбей-ақ автоматты түрде ұзартылды.

Sputnik.kz