Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев аймақ тұрғындарын қабылдады. Азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік қолдау, баспана, көшелерді асфальттау және жұмыспен қамту мәселелерін көтерді.
Мысалы, қабылдауға келген Арал ауданы Сексеуіл кентінің тұрғыны Ақтан батыр және Тәжібаев көшелерін асфальттау туралы айтты. Бұл көшелердің жобалық құжатын әзірлеу 2028 жылға жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 2023 жылы Сексеуіл кентіндегі Ақорда тұйығы орташа жөнделген. Енді тұйықтың балабақшаға дейінгі бөлігін жөндеу алдағы кезеңге межеленген. Сонымен қатар «Базис-А» мекемесінің теміржолшыларға арнап салған тұрғын үйлер құрылысын аяқтау мәселесі де көтерілді. Қазір екі пәтерлі 38 тұрғын үйдің 8-і толық бітіп, белгіленген тәртіппен пайдалануға берілген.
Қызылорда қаласындағы ӘлФараби шағын ауданының тұрғыны балалар ойын алаңын салу, жол жөндеу және қоғамдық көлікке қатысты мәселелерді көтерді. Осыған байланысты аталған аумақта балалар ойын алаңын салуға арналған бос жер телімі анықталып, жобаны «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асыру жоспарына енгізу көзделуде. Сондай-ақ Қызылжарма-3 тұйық көшесі тұрғындарының өтініші қаралып, мәселе оң шешімін тапты.
Инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Әл-Фараби шағын ауданынан Қарауылтөбе ауылының шекарасына дейінгі аумақтағы жеті көшенің бесеуінде «Әлем Транс Жол» ЖШС жол жөндеді. Мұнан бөлек жұмыс мәселесі де көтерілді. Аймақ басшысы жұмыспен қамту назардан тыс қалмайтынын және заңнама аясында қарастырылатынын атап өтіп, әрбір тұрғынның өтініші бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма берді.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар «eGov» порталы, «e-Otinish» бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш беру жолымен өтініш қалдыра алады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!