Қазақстанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін екі ведомствоға бөлу идеясы ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы және қазақстандықтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін еңбек саласының стратегиялық маңыздылығын, сондай-ақ министрліктің сала мәселелерін шешудегі көпжылдық қабілетсіздігін ескере отырып, мемлекеттік бюджеттен жұмсалатын шығындарды ұлғайтпай аталған ведомствоны Еңбек министрлігі және әлеуметтік даму министрлігі деп бөлген жөн», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайылов депутаттық сауал жолдай отырып.

Депутаттың мәлімдеуінше, аталған министрлік еңбек құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қорғау саласындағы мәселелерді шешуге келгенде мүлдем енжар.

«Қоғам еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің проблемалық мәселелерді шешудегі белсенді ұстанымын көрмей отыр. Ел азаматтарының мүддесі үшін еңбек саласы мен әлеуметтік саланы тұрақты дамыту идеологиясын әлдеқашан жоғалтқан. Аталған ведомство қит етсе бюджетте және заңнамада қарастырылмаған деп сілтей салады. Психологияда бұл үйренген дәрменсіздік синдромы деп аталады», – дейді ол.

Сондай-ақ, спикер министрлікті мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындамай екіге бөлу керектігін айтып отыр.

«Бөлек құрылған Еңбек министрлігі сала бойынша жаңа ұлттық саясатты әзірлеуі қажет. Жаңа саясат табысы төмен қазақстандықтардың проблемасын, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың мүдделерін, еңбек нарығындағы теңсіздікті, әділетсіз зейнетақы жүйесін, жұмыссыздықты, жұмыс істеп тұрған кедейшілік проблемаларын шешуге бағытталуы тиіс», – деді Е. Смайылов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!