Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес облыста 8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Осыған сәйкес, Өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітіліп, 2025 жылға дейін 197 жоба жүзеге асырылады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте толығырақ мәлімет берілді.

«Халықтың табысын арттыру 2025 жылға дейінгі бағдарламасының» кешенді жоспары бекітілді. Бұл жоспарды іске асырудың 4 бағыты бар.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ринат Құдайбергеновтің айтуынша, бағдарлама мақсаты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндігін кеңейту. Төрт бағытта бюджеттен бөлінетін жалақыны арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, халық табысының сатып алу қабілетін қорғау, табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жоспары бекітілді.

Ал, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева мәлімдеуінше, биыл облыс көлемінде 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

«Бүгінде 8 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі саласында 21 ірі инвестициялық жоба жасақталып, 2026 жылға дейін іске қосылады. Жұмыссыз азаматтарға арналған бағдарламалар саны көбейіп келеді. Соның ішінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік гранттарды осал топқа жататын азаматтар да алмақ. Осы жылы аталған санаттағы екі мыңға жуық азамат тиісті қаржыға ие болады», – деді ол Жанар Жұмабекқызы.

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында берілетін несие мөлшері 5 пайызға жеңілдетілді. Кәсіпті енді бастаған азаматтар үшін 120 млн.теңгеден астам қаржы қарастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік гранттар беру конкурсы толығымен автоматтандырылды. Биылдан бастап бизнес жоспар талап етілмейді», – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Жетілгенов.

Биылғы жылдың желтоқсан айына дейін бір терезе қағидаты бойынша әрбір өңірлерде әлеуметтік бағытта көмек көрсететін орталықтар құрылады. Мұнда тұрғын үй немесе табыс көлемі туралы кеңес алуға болады.

«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы арқылы елімізде екі миллионға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бағдарламаның әр тармағы арқылы мемлекеттік мекемелер өз алдына жұмыс істейді. Осы орайда біз тұрғындарға құқықтық тұрғыда тегін көмек көрсетеміз. Кез келген заң аясындағы мәселелерлерді қарастыратын боламыз», – деді заңгер Дәулет Ізбасарұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!