Фото: ШҚО ҚАЖ
Алматы қаласында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде жасырылған болуы мүмкін қару-жарақ қоймасы анықталды, – деп хабарлайды KAZINFORM.
Құқық қорғау органдары жасырын орынды Шығыс Қазақстан облысында жазасын өтеп жатқан сотталған азаматпен жүргізілген жедел жұмыс барысында анықтаған.
Қару-жарақ жасырылған орын Алматының Наурызбай ауданында табылды. Операцияны Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты №22 мекеменің жедел бөлім қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысы бойынша мамандандырылған прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің 5-басқармасымен бірлесіп жүргізген.
Оқиға орнын тексеру барысында жасырын қоймадан тегіс ұңғылы аңшы мылтығы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Қазіргі уақытта сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Құқық қорғау органдары қарудың шығу тегін және оны жасырған адамдарды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканованың айтуынша, арада бірнеше жыл өтсе де жедел-іздестіру жұмыстары нақты нәтиже берді.
– Сотталғандармен жұмыс барысында алынған мәліметтер өткен жылдардағы қылмыстарды ашуға, қару-жарақ жасырылған орындарды анықтауға және қоғамдық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлердің алдын алуға жиі көмектеседі. Бұл Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің басқа да құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл аясындағы күнделікті жұмысының маңызын тағы бір мәрте дәлелдейді, – дейді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!