ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ресейліктердің келуі қазақстандық еңбек нарығына айтарлықтай әсер етпейтінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Министр шекара қызметтерінен бастап, Сыртқы істер министрлігі, көші-қон қызметі, Ішкі істер министрлігінің ақпараттарына байланысты елге еңбекке жарамды азаматтардың қаншасы келгенін қарастырылатынын айтты.

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері Ресейден Қазақстанға келген 262 мыңға жуық адамның  6 518-і жұмыс бойынша келген.

«Бізде 8,7 миллион жұмыс істейтін азамат бар. Биыл 28 мың шетелдік жұмысшыға квота бердік. ЕурАзЭҚ елдерінің аумағында тұратын адамдар үшін бізде квота жоқ. Алайда Қазақстан азаматтары бұл елдерде рұқсатсыз жұмыс істей алады. Сондықтан бұл елдердің азаматтары да бізде жұмыс істеуге келе алады», – деді Дүйсенова. 

Министрдің айтуынша, пандемияға дейінгі кезеңде Қазақстанға Ресейден 24 816 адам келген, 2019 жылы 30 000, 2020 жылы 33 000, өткен жылы 32 000-ға жуық адам келген.

«Бүгінгі күні бізде бар мәліметтерді ескерсек, еңбек нарығына айтарлықтай әсер ету жоқ. Бірақ ЕурАзЭҚ келісімінде шектеу шаралары да қарастырылғанын білесіздер. Егер ағын көп болса, ұлттық қауіпсіздігімізге әсер етсе, әрине, Еуразиялық шарт аясында тиісті шектеу шараларын қабылдаймыз», – деп түйіндеді министр.