«Жастар театрға бармайды» деген сөзді жиі естиміз. Дегенмен де бұл пікірге «Жастар» театрының жас актрисасы келіспейді. Себебі сахна қашанда киелі. Жастардың өнерін тамашалап келетіндер қатары күн санап артуда. Адамның жан дүниесін тыныштандырып, керемет сезімге бөлейтін театр ұжымының жұмысы ерен. Жас актер мен актрисалардан құралған өнер ордасы бүгінде біршама табысқа жетті. Қанша спектакль көрерменге жол тартты. Білікті де білімді мамандар театр ұжымында қызмет етуде. Бірде «Жастар» театрының «Алғашқы махаббат» қойылымын көргенім бар. Сахнадағы жастардың барлығы өз жұмысын жақсы көріп, образдарын орындап жүргеніне риза болдым. Ол уақыттан бері қаншама дүние сахналанды. Ал Айша Әбдірахманның есімі театр есігін жиі ашатын көрерменге танымал. Ол қатысқан қойылымдар көп. Мәселен «Алғашқы махаббатта» – мектеп директоры, «Қызылорданың қыздарында» – Мәрия, «Қыз қасқырда» – Құртқа, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымда» – бас шайтан, «Неге» қойылымында – Әлима рөлдерін сомдады.

Айша Қайратқызы

– Бала кезден театрға жиі барушы едім. Содан да болар актриса болу арманыма айналды. Сахнадағы өнер адамдарын көріп, әр қимылына ден қойып отыратынмын. Рөлді қалай алып шыққанын, қойылымнан кейін зерттеу менің күнделікті жұмысыма айналды. Мына жерде қателесті, мына жерде былай ойнаса әдемі шығар ма еді деген ойдың жетегінде жүріп өзімде сахнадан бір-ақ шықтым. Одан қалды әдеби кітаптарды жиі оқыдым. Ізденісті де көбейттім. Нағыз маман болуға талпындым. Нәжижесінде әріптестеріммен бірге өнер көрсетудемін, – дейді Айша Қайратқызы.

Кейіпкеріміз 1993 жылы 10 қарашада Шымкент қаласында дүниеге келген. №213 мектептің табалдырығын аттап, №8 П.Д.Осипенко  атындағы қазақ-орыс мектебін аяқтады. Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық жоғары колледжіне оқуға түсіп, актер өнері мамандығында білім алды. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде журналистика мамандығында оқыды. Театр саласы бойынша «Үздік әйел адам» номинациясын иеленді. «ТТТ» халықаралық театрлар фестивальнің лауреаты. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйіндегі «жастар» театры жанынан ашылған «Бастау» театр үйірмесінің жетекшісі. Үйірме мектеп оқушыларынан құралған. Олар шағын рөлдермен сахнаға шығып жүр. Театр күніне орай ұйымдастырған кеште «Жастар» театрының репертуарындағы «Қыз қасқыр» қойылымынан үзінді көрсетті.

– «Театр – өнер мешіті» деген теңеу бар. Десе дегендей, театр – мәдениеттілікке, имандылыққа бастайтын баспалдақ, алтын көпір екені даусыз. Осы орайда маған театр қатты ұнайды. Аурасы бөлек, ұжымның ауызбіршілігі, сыйластығы ерекше. Қыздар мен жігіттердің барлығы өнерлі. Биге де, көркем сөз оқуға да талапты, қай рөлді берсе, соны орындап шығуға барынша атсалысады. Бізге ізденіс керек, көп уақытымыз кітапханада өтетінін жасыра алмаймыз. Шығарманы бастан-аяқ оқып, әр сөйлеміне мән беріп, өзімізше талдау жасаймыз. Бұл біздің қойылымды ойдағыдай алып шығуға үлкен септігін тигізеді» – дейді Айша.

«Театр – тәрбие мектебі, театр – тәлім, рухани азық алар орда» деп ұлы жазушылар айтып кеткендей, театр көрінгеннің ермегі емес, ол – еңбек.

Мұны өз ісімен дәлелдеп жүрген жастардың бар екені бізді ерекше қуантты.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!