АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні кешке жоспарланған Иранға жасалатын соққылардың күшін жоятынын мәлімдеп, Тегеранмен келісімге қол қою мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Иран Ислам Республикасымен жүргізілген келіссөздер Иранның жоғары басшылығына жеткізіліп, мақұлданғандықтан, мен бүгін кешке жоспарланған Иранға қарсы соққылар жасап, бомбаламаймын», – деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында.

Трамптың сөзінше, келісімнің «соңғы тармақтары» барлық мүдделі тараптар тарапынан мақұлданған. Ол олардың қатарында Израиль мен делдал елдер тобын атады, алайда Иранды атамады.

Ақ үй басшысы сәуір айының ортасында басталған Иран порттарына теңіз блокадасы «келісім толық аяқталғанға дейін» сақталатынын нақтылады.

Америка көшбасшысының бұл жаңа мәлімдемесі оның бірнеше сағат бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында Иранға өте қуатты соққы жасалатынын хабарлап, елдің негізгі мұнай инфрақұрылымын бақылауға алуға уәде бергенінен кейін жарияланды.

Бейсенбі күні Вашингтонда журналистерге берген сұхбатында Трамп АҚШ-тың Иранмен соғысты аяқтау туралы келісімге келгенін, енді тек құжатқа қол қою ғана қалғанын мәлімдеді.

«Біз қақтығысты реттеу бойынша тамаша келісімге қол жеткіздік. Жақын арада қол қою рәсімі өтеді. Құжаттар әзірлеудің соңғы кезеңінде тұр. құжаттарға қол қойылғаннан кейін Тегеран Ормуз бұғазын ашады. Келісімге «өте жақын уақытта», мүмкін демалыс күндері Еуропада қол қойылуы мүмкін», – деді Трамп.

Трамп Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи АҚШ-пен болашақ келісімнің шарттарын мақұлдаған болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Иран өзара түсіністік туралы меморандумда ешқандай жағдайда ядролық қару жасамауға және оны иеленбеуге міндеттеме алады.

Сонымен қатар, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесінің мәліметінше, оның жуырда Трамппен телефон арқылы сөйлесуі барысында Иран түпкілікті келісім аясында уранды байытудан бас тартып, оған қажетті инфрақұрылымды жоятындығы, зымыран өндірісін қысқартатыны және Таяу Шығыстағы өзіне жақтас қарулы топтарды қолдауды тоқтататыны атап өтілген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!