Атырауға келген ресейліктердің басым бөлігі 55 жасқа дейінгі ер адамдар. Олар елімізге Астрахань қаласынан пойызбен жеткен. Әрі қарай бірі шетелге кетуді жоспарласа, енді бірі Алматы мен Астана қалаларына жетіп алмақшы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап. 

24 жастағы Денистің сөзінше, Атыраудан Астанаға бармақшы. Кейін Бішкекке немесе Германияға жол тартуды жоспарлап отыр екен.

«Досыммен бірге Бішкекке бара жатырмыз, ол жақта менің туыстарым бар. Алдымен Астанаға, кейін Қырғызстанға барамыз. Ресей елшілігі арқылы паспорт дайындамақпыз. Германияда тұратын баратын шығармын, болмаса, Грузияға немесе Армения кетемін», – деді аспирант және болашақ әлеуметтанушы. 

48 жастағы Андрей тез арада кеткендіктен, өзімен бірге тек қолма-қол ақша алыпты. Атыраудан Алматыға бармақшы. Мұнда оның әріптестері бар екен. Солардың көмегімен Қазақстанда немесе басқа елде жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр. Теңіз жобалары бойынша тәжірибесі бар. Ал Ростов облысында әйелі мен қызы қалған.

«Бізде халық бытыраңқы. Бізді өлімге алып бара жатыр», – деді Андрей. 

Мобилизацияға жата ма деген сұраққа ол «Бізде барлығы жатады» деп жауап берген. 

33 жастағы ІТ маманы Павел әскерге шақыруды күтпестен Сочиден Қазақстанға жол тартқанын мойындады. Тіпті Астрахань қаласындағы үйіне де бармаған. Атыраудан Грузияға «демалуға» бармақшы. Осылай шұғыл кетіп жатқан ресейліктердің көп екенін айтты. 

Карачайлық Даниель түркиялық фирмада кран жүргізуші болып жұмыс істейді екен. Қазір өзі жұмыс істейтін Ақтауға жол тартқан. 27 жаста, әскерде борышын өтеген. Егер мобилизацияға шақырса, бұйрыққа бағынуға тура келеді, дейді. 

25 жастағы Даниил Алматыға бара жатыр. Ол жақта студент-достары тұрады. Атырауда пойызда танысқан жаңа досының үйінде бірнеше күн қонақтап қалуды жоспарлап отыр. Ресейден неліктен кеткені туралы сұрағанда ол «Не үшін екені белгісіз, түсініксіз жағдай үшін өлгісі келмейтінін» айтқан. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!