Италияның премьер-министрі Марио Драги бейсенбі күні ел президенті Серджо Маттареллаға отставкаға кету туралы жаңа өтініш берді. Таңертең парламенттің төменгі палатасында сөз сөйлеген ол отырысты тоқтатуды сұрап, мемлекет басшысына баратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап. «Мен отырысты тоқтатуды сұраймын. Себебі өз ниетімді хабарлау үшін республика президентіне бармақпын», – деді Драги. Президент бұл өтінішті назарға алып, Үкіметке ағымдағы міндеттерді орындауды тапсырды. Бір күн бұрын Сенат премьер-министрге ең аз дауыспен сенім білдірген еді. Дауыс беруге қатысудан бірден үш партия – «5 жұлдызды» қозғалыс», «Алға, Италия» және билеуші коалицияға кіретін «Лига» бас тартып, оған сенаторлардың жартысынан азы қатысты. Өткен аптада Драги отставкаға кетуге өтініш берген еді, бірақ оны президент қабылдамады. Өйткені ресми түрде үкімет парламенттік көпшіліктің қолдауын жоғалтпаған еді. Билеуші партиялардың бірі – «5 жұлдызды» қозғалыс инфляция үшін азаматтарға өтемақы төлеу туралы заң жобасы бойынша дауыс беруден бас тартуы, оның ережелері партия өкілдеріне сәйкес келмеуі биліктің қазіргі дағдарысына әкелді.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!