Қазақстанда көп әйел алу мәселесі тағы да қызу талқыға түсті. Блогерлерге қатысты екі бірдей шулы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды: оның бірі «тоқал алуды» насихаттағаны үшін полиция тарапынан жазаланса, екіншісі екі отбасымен тұратынын ашық мойындады. Tengrinews.kz көп әйел алуды насихаттағаны үшін қандай жаза қарастырылғанын, «екінші» әйелдердің қандай құқықтардан айырылатынын және имамдардың жауапкершілік арқалайтынын-арқаламайтынын анықтап көрді.
Көп әйел алу тақырыбы неге қайта көтерілді?
23 шілдеде Алматы полицейлері көп әйел алуды насихаттайтын бейнероликтер жариялаған блогерді анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Өз видеоларында автор мұндай өмір салтын қалыпты деп санап: «Бізге (өзіне және үш «әйеліне» – ред. ескертпесі) басқа адамдардың біз туралы не ойлайтыны бәрібір», – деп мәлімдеген.
Полиция мұндай контенттің Қазақстан заңнамасына қайшы келетінін және отбасы институтына деген құрметке нұқсан келтіретінін атап өтті. Ер адамға қатысты ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-1-бөлігі бойынша құқыққа қайшы контентті орналастырғаны және таратқаны үшін хаттама толтырылды.
Блогерге 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Полицейлермен әңгімелескеннен кейін блогер парақшасынан видеоны өшіріп тастады.
Бәрі неден басталды: Айтуған Ғалымовқа қатысты жанжал
Шілде айының басынан бері Қазнетте блогер Айтуған Ғалымовқа қатысты дау басылмай тұр. Ол екінші отбасын құрғанын ашық айтып, ислам дінінде мұндай қарым-қатынасқа рұқсат берілгенін алға тартты.
Бұған оның блогер Әсеммен бірге қазақтың «сырға салу» және «қыз ұзату» той жоралғыларында түскен видеосы себеп болды. Желі қолданушылары блогердің 2022 жылдан бері Ильнура Ғалымовамен некеде екенін және үш бала тәрбиелеп отырғанын алға тартып, оның екінші әйел алғанын топшылады.
Блогердің бірінші жары бұл жағдайға қатысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ. Әсем де мәлімдеме жасамай, блогермен бірге өткізген өмірі туралы жазбалар жариялауды жалғастырып келеді. Сонымен қатар желіде блогер қыздың аяғы ауыр болуы мүмкін деген қауесет тарады, бірақ бұл ақпарат әлі ресми расталған жоқ.
Айтуған Ғалымовтың өзі қызу талқылаулардан кейін Instagram-дағы сторисінде былай деп жазды:
«Иә, менің екі отбасым бар. 15 миллион теңге қарызым бар. Аллаға шүкір! Кім не десе де, мен Алламен шыншылмын. Қандай болсаң да, адамдарға жаға алмайсың», – деп жазды ол.
Кейінірек ер адам видеоүндеу жариялады. Онда ол ислам дінінің мұндай қатынастарға жол беретінін айтты, бірақ ешкімді өзінен үлгі алуға шақырмайтынын қадап айтты.
«Шулаймыз да ұмытамыз, ал болашақта бұл қалыпты жағдайға айналады»
Бұл оқиға блогердің жеке өмірінің шеңберінен тез шығып кетті. Пікір қалдырушылар арасында қазақстандықтар көп әйел алу туралы таласып, мұндай қатынастар уақыт өте келе қалыпты жағдайға айналуы мүмкін деп қауіптенеді.
«Қазақстан – көп әйел алуға ресми түрде рұқсат берілмейтін зайырлы мемлекет, бірақ діни «екінші неке» үшін жауапкершілікке тартудың нақты механизмі іс жүзінде жоқ. Қазір бәріміз шулаймыз да ұмытамыз, бұл жағдайды қалыпты деп қабылдай бастаймыз ба деп қорқамын, ал болашақта бұл нормаға айналып, біз түпкілікті Ауғанстанға айналамыз», – деп жазды Threads әлеуметтік желісіндегі қолданушылардың бірі.
Кейбір қолданушылар екінші әйел алған ерлерді де, мұндай қарым-қатынасқа келіскен әйелдерді де айыптады.
Сондай-ақ қолданушылардың бір бөлігі мұндай тәжірибенің ислам нормаларына сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
- «Исламда көп әйел алу мүлдем құпталмайды! Өйткені Құранда екінші және одан да көп әйел алу үшін орындалмайтындай ауыр шарттар жазылған! …Шариғат бойынша, елде күн көру қиындағанда, балаларын асырай алмай жүрген жалғызбасты аналарды, жесірлерді екінші әйелдікке алады! Жас қыздарды екінші әйелдікке алмайды»,
- «Маған бәрінен де осындай қадамға баратын, екінші, үшінші немесе төртінші әйел болатын әйелдер таңғалдырады», – деп жазады желі қолданушылары.
Екінші ресми некені тіркеуге болмайды
Адвокат Абзал Қасымжанов Tengrinews.kz-ке Қазақстан заңнамасы тек бір еркек пен бір әйел арасындағы одақты ғана мойындайтынын түсіндірді.
«Қазақстан заңнамасы моногамия принципін бекітеді. Егер болашақ ерлі-зайыптының бірі басқа тіркелген некеде тұрса, некені мемлекеттік тіркеу мүмкін емес. Сондықтан бірінші неке тоқтатылмайынша, екінші некені қию мүмкін емес – тіркеуші орган оны тіркеуден жай ғана бас тартады», – дейді адвокат.
Осылайша, Заң бір мезгілде бірнеше тіркелген неке түріндегі көп әйел алуды толығымен жоққа шығарады.Анықтама: Айта кетерлігі, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция қолданысқа енді, ол алғаш рет неке анықтамасын конституциялық деңгейде еркек пен әйелдің ерікті одағы ретінде бекітті.
«Неке заңды неке болып танылмайды»
Адвокаттың айтуынша, АХАТ органында ресми тіркеусіз мешітте неке қию бірге тұратын адамдарға ерлі-зайыптының құқықтық мәртебесін бермейді.
Мемлекет мұндай одақтарды мойындамайды.
«Уәкілетті АХАТ органында тіркелмей жасалған діни рәсім (неке) ерлі-зайыпты мәртебесін туындатпайды, заңда көзделген отбасылық құқықтар мен міндеттерге негіз болмайды және мемлекет тарапынан неке ретінде танылмайды», – деп атап өтті адвокат.
Анықтама: Неке қию немесе никях – мұсылмандық діни некелесу рәсімі, ол Қазақстан заңнамасы бойынша өз бетінше ресми неке болып есептелмейді.
Көпәйелділік үшін жаза қолданыла ма?
Қазақстандықтарды құқық қорғау органдары неге ер адамдарды көпәйелділік үшін жауапқа тартпайды деген сұрақ жиі мазалайды. Адвокат заңда мұндай тиісті баптың жоқтығын түсіндірді.
«Қазіргі уақытта ҚР заңнамасында бірінші тіркелген некесі бола тұра, екінші рет діни неке қиғаны үшін дербес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген. Бұрын қылмыстық заңнамада екіәйелділік пен көпәйелділік үшін жауапкершілік болған, алайда ол 1990-шы жылдардың соңында-ақ алынып тасталған», – дейді Абзал Қасымжанов.
Ол билік мұндай қарым-қатынасқа түсушілерді тек ілеспе қылмыстар жасалған жағдайда ғана жазалай алатынын айтты: мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, алаяқтық немесе алимент төлеуден жалтару.
«Екінші әйелдердің» тәуекелі қандай?
Қасымжанов мұндай қарым-қатынастардағы басты мәселе – әйелдердің құқықтық қорғаусыз қалуы екенін айтады.
«Негізгі мәселе жазаның жоқтығында емес, іс жүзінде отбасылық қарым-қатынаста болғанымен, заң жүзінде жұбайы болып саналмайтын әйелдің құқықтық қорғалмауында болып отыр. Қарым-қатынас тоқтаған жағдайда, дәл осындай әйелдер көбіне отбасы заңнамасында қарастырылған қорғау тетіктерінен айырылып қалады», – деп түйіндеді адвокат.
Тек діни некеде тұрған әйел, әдетте, ресми жұбайының құқықтарына ие болмайды.
Адвокаттың айтуынша, бұл жерде келесі құқықтар туралы сөз болып отыр:
- бірлесіп жинаған мүлікке құқық;
- жұбайы ретінде асырауға алу құқығы;
- мұрагерлік құқығы;
- бірқатар әлеуметтік кепілдіктерге құқық.
«Зайырлы мемлекет үшін ерлі-зайыптының құқықтық мәртебесінің айқындылығын қамтамасыз ететін некені мемлекеттік тіркеудің маңызы зор. Некені тіркеу азаматтық айналымның тұрақтылығын және отбасылық қатынастардың барлық қатысушысының, ең алдымен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді», – деп толықтырды Абзал Қасымжанов.
Бұл ретте адвокат балалардың құқықтары ата-аналарының некесі тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан қорғалатынын айтты.
ҚМДБ ұстанымы: имамдар қалай жазалануы мүмкін?
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы редакцияның сауалына берген жауабында имамдар неке қию рәсімін тек неке қию туралы куәлік болған жағдайда ғана өткізетінін хабарлады.
«Неке туралы куәлік болмаған жағдайда, діни қызметкер болашақ ерлі-зайыптыдан АХАТ органына некені тіркеу туралы өтініш бергенін растайтын құжатты талап етуі тиіс», – деп хабарлады ҚМДБ.
Басқарма бұл құжаттарды ұсынбаған тұлғаларға имамдардың неке қиюға құқығы жоқтығын баса айтты.
«Имам ҚМДБ белгілеген талаптарды бұза отырып неке қию рәсімін өткізген жағдайда, басқарма тексеру бастайды және заң бұзушылық фактісі расталса, еңбек заңнамасында көзделген тәртіптік шаралар қолданылуы мүмкін», – деп нақтылады діни бірлестік.
Сонымен қатар ҚМДБ Айтуған Ғалымовтың әлеуметтік желілердегі жарияланымдары туралы ақпараттары жоқ екенін айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
