Ел көру, жер көру – талай жастың арманы. Түркияның жылы ауа-райы, Үндістанның тылсым мәдениеті… Әлемде көздің жауын алатын елдер көп-ақ. Бірақ кейде арман қуып, сол елге жеткенде «Ал, енді қайда барамын? Не көруім керек?» деп абдырап қалатынымыз рас. Дәл осындай сәтте жаныңнан жол сілтейтін тәжірибелі жолсерік табылса ғой, шіркін! Осы орайда біз Польша елінде білім алып, оның әрбір бұрышын өз көзімен көрген Айдана Тамабаймен сырластық.

– Польшада міндетті түрде Гданьск қаласына барып көріңіздер. Бұл Балтық теңізінің жағасында орналасқан, өзінің әдемілігімен ерекшеленетін қала. Мұндағы «Ұзын базар» көшесі, Нептун субұрқағы және әсем сәулетті үйлер қаланың сауда орталығы болғанын еске салады. Сонымен қатар әлемдегі ең үлкен кірпіш шіркеу – Әулие Мария шіркеуі дәл осы қалада орналасқан. Шіркеудің мұнарасына көтерілген кезде бүкіл қаланың керемет көрінісі ашылады. Ескі қала, теңіз, қызыл шатырлы үйлерді төбеден көруге мүмкіндік аласыз.

Мұнда келіп, Варшаваны көрмеу – үлкен қателік. Ол – елдің астанасы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаланың тарихи орталығы толығымен қирап, үйіндіге айналған. Алайда соғыстан кейін поляк халқы ескі сызбалар мен фотосуреттерге сүйене отырып, ескі қаланы қабырғасына дейін дәлме-дәл қайта тұрғызды. Қаланың ЮНЕСКО-ға енген ескі үйлерін, патша сарайы мен елдің ең биік ғимараты – Мәдениет және ғылым сарайын міндетті түрде көру керек.

Ал Польшадағы ең танымал теңіз жағалауындағы курорттардың бірі «Сопотқа» бару – көптің арманы. Саяхатымдағы ең сүйікті орын. Бұл жерге демалу, теңіз ауасын тыныстау және жай ғана уақыт өткізу үшін келу керек. Сопоттың ең басты ерекшелігі – жайлы атмосферасы, ұзын жағажайы мен Еуропадағы ең ұзын ағаш пирстерінің бірі.

Тарихты жақсы көретіндер үшін Аушвиц-Биркенау мемориалы қызық болмақ. Бұл жерге бару арқылы тарихпен жақынырақ танысып, екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі оқиғалар туралы білуге болады. Мұнда музейлер, ғимараттар және тарихи экспозициялар орналасқан. Бұрынғы концлагерьдің әйгілі қақпасы мен барақтары кез келген адамды таңқалдырады.

Кейін Краков қаласын да көруге кеңес беремін. Польшаның ежелгі астанасы ескі қала мен патшалар жерленген Вавель сарайымен танымал. Мұндағы алып «Нарық алаңы» мен көне шіркеулер қалаға ерекше сән беріп тұрады.

Польшаны тек көріп қана қоймай, оның тарихымен танысқыңыз келсе, кейіпкер атаған жерлерге міндетті түрде барып көріңіз. Сәттілік, жас саяхатшы!

М.МАЙБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!