Оңтүстік Корея еліне жұмыс істеуге барған отандасымыз қамауға алынды. Енді ол сотталуы мүмкін, деп хабарлайды taulik.kz Экспресс К-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы @korea_komek Instagram паблигі жазды. Ондағы мәліметке сүйенсек, Қазақстан азаматы азық-түлік дүкеніндегі сатушы қызға қырындап, қолынан сүйген.

«Оқиға орнына полиция келген кезде қазақстандық жігіт қашып кеткен. Жедел іздестіру барысында полиция қызметкерлері отандасымызды ұстады. Кәріс қызына қырындаған жігіт уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», делінген мәліметте.

Егер Қазақстан азаматының кінәсі дәлелденсе, ол 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасын арқалауы мүмкін екен.

Ақпарат таратқан Instagram парақшасының әкімшісі, Оңтүстік Кореядағы қазақстандық блогер Самат Ахметовтің мәліметінше, шет елге нәпақа табуға барған отандасымыз ондағы заңның осыншама қатал екенін білмеген. Бұл туралы ол блогерге айтып берген.

«Мен үлкен қателік жасадым. Қыздан кешірім де сұрадым. Кореяның заңы осыншама қатал екенін, бір ғана қолынан сүйгенім үшін қамауға алынатынымды білген жоқпын. Басқа жігіттерге айтарсыз, олар мен жасаған қателікті қайталамаса екен», – дейді қамауға алынған қазақстандық.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!