Швецияда саясаткер және антиисламдық Stram Kurs партиясының жетекшісі Расмус Палудан Құранды өртегенін және келешекте бұл әрекетін қайталайтынын айтқан. Бұл мәлімдемеден кейін Швецияның бірнеше қаласында тәртіпсіздіктер басталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап. 

Тәртіпсіздіктер төрт күн бұрын басталған. Жергілікті басылымдардың мәліметінше, шығыстағы Норчепинг қаласында үш адам жарақат алған. Мұнда полицейлер заң бұзушылықты тоқтату мақсатында оқ атқан.

Сонымен қатар антиисламдық партия мүшелері өз акцияларын өткізуді жоспарлаған Стокгольм, Линчепинг және Норчепинг қаларында 16 полицей жарақат алды. Швед басылымдары бірнеше көліктің өртенгенін және 25 адамның тұтқынға алынғанын хабарлады.

Полицейлер Stram Kurs партиясына қарсы жүздеген азаматтың құқық қорғаушыларға тас лақтырып, көліктер мен дөңгелектерді өртегенін айтады. Ал Ландскрон қаласында тәртіпсіздіктер сенбі күні кешке басылған, алайда жағдай кез келген уақытта ушығып кетуі мүмкін екен. 

Швеция ұлттық полициясының басшысы Андерс Торнбергтің сөзінше, сенбі күні наразылықтарын білдірген азаматтар асқан қатігездік танытқан. 

«Мұндай тәртіпсіздіктерді бұған дейін де көргенмін. Бірақ бұл мүлде өзгеше», – деді Торнберг.

Оңтүстік Швеция полициясының өкілі Ким Хильд Stram Kurs жақтастарынан акцияны өткізу туралы рұқсатты кері қайтармайтынын айтады. Себебі Швецияда сөз бостандығы қатаң қорғалады, ал рұқсатты кері қайтару үшін нақты себептер болуы қажет.

«Өз ойын ашық айтқандардың құқығы бар, сондықтан бұған жол бермеу үшін үлкен себеп болуы керек», –  деді Ким Хильд.

Құранды өртеуге қатысты акцияға наразылықтарын білдіру үшін Иран мен Ирак билігі Швециядағы өз елшілерін кері шақыртқан. 

Deutsche Welle басылымының мәліметінше, Расмус Палудан 17 сәуір күні Норчепингте митинг өткізетінін айтқан. Бұл мұсылмандардың ашуын туғызып, арты тәртіпсіздікке ұласқан. 

Жергілікті полиция шабуылды тоқтату үшін ескерту мақсатында оқ атқан, салдарынан үш адам жарақат алды. 

Расмус Палудан 2020 жылы Данияда жасаған қылмысы үшін істі болған. Ол Франция және Бельгия сынды Еуропа елдерінде Құранды өртеп, акция ұйымдастыруды жоспарлаған.