Мемлекет басшысы АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сенатының мүшесі Стив Дэйнске Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты қатынастарда парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратынын айтты.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Тоқаев елімізде инвестиция тарту, экономиканы және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар қазақ-америка қарым-қатынастарының негізгі бағыттары болып саналады.

Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілді.

Бұл ретте президент Мәскеудегі лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін атап өтті.

“Барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын”, – деді ел басшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!