Қазақстанда 2026 жылғы негізгі ҰБТ-ға шамамен 233 мың талапкер қатысты. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, олардың 76 пайызы шекті балды еңсеріп, мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҰБТ нәтижесі бойынша ең жоғары – 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Әлтаир және Қызылорда облысының түлегі Балхан Әлфия жинады. Әлфия бұл нәтижеге KAZTEST сертификатының нәтижесін конвертациялау арқылы қол жеткізді. Сонымен қатар 821 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.
Тестілеуге ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800 талапкер де қатысқан. Ведомствоның мәліметінше, олар үшін барлық қажетті жағдай жасалды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Республикалық комиссияның жұмысын аяқтағанын хабарлады. Қазіргі уақытта ҰБТ сертификаттары талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!