Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті.

Жиынға мәдениет саласының қызметкерлері мен «ТҮРКСОЙ» ұйымының өкілдері қатысты. Бірнеше жылдар Қырғыз Республикасының Мәдениет министрі болған белгілі жазушы және драматург Сұлтан Раевты ұйымның 2022-2025 жылдарға арналған Бас хатшысы болып тағайындалуымен құттықтады. «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының еларалық қызметіне, екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Құрметті қонаққа аймақ басшысы өз ықыласын білдіріп, «Шахнаманы» тарту етті.Басқосуда аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев пен Бас хатшысы Сұлтан Раев Қызылорда облысының әкімдігі және «ТҮРКСОЙ» халықаралық түркі мәдениеті ұйымы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта меморандум аясында мәдени-рухани бағыттағы маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік артатын болады.

Өңір басшысының қабылдауынан кейін «ТҮРКСОЙ» ұйымының өкілдерін басқарма басшысы Руслан Рүстемұлы рухани дүниелердің ордасы Ә. Тәжібаев атындағы ғылыми әмбебап кітапханасына және облыстық тарихи-өлкетану музейіне бастады. Кітапханада еліміздегі балалар жылы аясында ашылған «Еркетай» балалардың оқу орталығын, жазушы Қалтай Мұхамеджановтың мұраларына арналған бөлмеде болып, дәстүрлі-интеллектуалды киіз үйді тамашалады. Ұйымның бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы ұйым атынан облыстық кітапханаға 100-ге жуық кітап қорын сыйға тартатынын жеткізді. Музейдегі құнды жәдігерлер мен тұнған тарихтан сыр шерткен экспонаттарды тамашалап, ой бөлісіп меморандум аясында өзара тәжірибе алмасуды ұсынды.

Драматург кітапхана және музей ұжымдарына өз тілектестігін білдіре отырып, авторлық қолтаңбасын қалдырды.Мұнан бөлек ұйым өкілдері бекзат болмыс иесі, күллі қазақты Европа мен Азия елдеріне танытқан әнші-композитор Батырхан Шөкеновтің ескерткішінде болып, естелік суретке түсті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!