Брюссельдегі кездесуге қатысқан Альянсқа мүше елдер сыртқы істер министрлерінің пікірі осындай. НАТО-ның мәлімдеуінше, Ресей күштері Украинаның солтүстігінен шығып, шығысына қарай шабуылдауы ықтимал. Ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенберг Буча мен өзге де қалалардағы қатыгездікке қатысы барларды қатаң жазалау керектігін алға тартты.

Сонымен қатар одақтас елдер алдағы уақытта Украинаға танкіге қарсы қару, әуе шабуылына қарсы қорғаныш жүйесі мен өзге де қару-жарақ, сондай-ақ гуманитарлық, әрі қаржылай көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Йенс Столтенберг, НАТО Бас хатшысы:  – Путин алған бетінен қайтпайтын көрінеді. Сондықтан кез келген жағдайға дайын болу керек. Украинаны әрі қарай қолдап, қабылданған санкцияларды қатаң сақтап, қорғанысымызды одан әрі күшейткеніміз жөн. Өйткені бұл шиеленіс ұзаққа созылуы мүмкін. Бұған бәріміз де әзір болғанымыз абзал. 

НАТО-ның штаб-пәтеріндегі кездесуге келген Түркия сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоглу болса, Мәскеу мен Киевтің келіссөздері жалғасын табатынына үмітті.    Мевлют Чавушоглу, Түркияның сыртқы істер министрі: – Біз тағы кездесулер өтетініне үміттіміз. Бәлкім алдымен Укрина мен Ресей делегациялары, ал кейін екі елдің сыртқы істер министрлері де ымыраға келу үшін жүздесер. Екі жақ та Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің кездесуі мүмкін екеніне сенім білдіріп отыр. Бұған тараптар барынша ықпал етуі керек.

Дереккөз: 24.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!