25 тамыздан бастап Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Олар екі жыл сайын медициналық тексеруден өтуі тиіс 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге қатысты. Медициналық тексеруден өткені туралы растау болмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылуы мүмкін.
Медициналық тексерудің мерзімі өтіп кетсе не болады, тексеруден өту қанша тұрады және жарамды рұқсатсыз көлік жүргізудің салдары қандай болуы мүмкін – BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігі және елордалық адвокатпен бірге саралап көрді.
25 тамыздан бастап не өзгереді?
65 жастан асқан жүргізушілердің екі жылда бір рет медициналық тексеруден өтуі – жаңа талап емес. Ол 2014 жылдан бері қолданыста. Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, басты өзгеріс – енді Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері біріктірілген.
ІІМ мәліметінше, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер бұрынғыдай екі жылда бір рет жүргізушілерге арналған медициналық тексеруден өтуі керек. Тексеру аяқталғаннан кейін оның нәтижелері ІІМ жүйесінде автоматты түрде көрінеді.
Яғни жүргізушілерге ІІМ-ге бөлек жүгінудің немесе жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзартудың қажеті болмайды.
Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Айдар Советбеков те бұл жаңа медициналық тексеру енгізіліп отыр деген сөз емес екенін атап өтті.
Заңның өзі өзгерген жоқ – бұл санаттағы жүргізушілердің екі жылда бір рет медициналық тексеруден өту міндеті бұрыннан бар. Бақылау тетігі өзгерді. Бұрын сізді инспектор тоқтатса, қағаз анықтама болмаса, соңғы рет дәрігерге қашан барғаныңызды тексере алмайтын. 25 тамыздан бастап Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ-нің дерекқорлары біріктіріледі. Енді жүйе сізде жарамды медициналық анықтаманың, яғни 073/у нысанының бар-жоғын автоматты түрде «көреді». Егер оның мерзімі өтіп кетсе және дәрігерлерден жаңа мәлімет түспесе, жүйе автоматты түрде әрекет етеді – деп түсіндірді адвокат.
ІІМ бұған дейін ресми түрде түсіндіргендей, мемлекеттік ақпараттық жүйеде медициналық тексеруден өткені және көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы растау болмаса, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады.
Қандай дәрігерлерден өту керек?
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі BAQ.KZ-ке медициналық тексеру ведомствоның тиісті бұйрықтарымен реттелетінін хабарлады.
Медициналық тексеру жүргізу үшін медициналық ұйымда комиссия құрылады.
Комиссия құрамына учаскелік дәрігер немесе жалпы практика дәрігері, психиатр, офтальмолог және отоларинголог кіреді. Олар тізімде көрсетілген аурулардың бар-жоғын анықтау үшін тексеру жүргізеді, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Сонымен қатар медициналық тексеру кезінде психобелсенді заттарды қолдану фактісін анықтау үшін биологиялық орталар зерттеледі.
Егер медициналық комиссия мүшелерінде адамның денсаулық жағдайына қатысты күмән туындаса, ол қосымша тексеруге және бейінді маманның консультациясына жіберілуі мүмкін.
Көлік құралдарын басқаруға жарамдылығы туралы қорытынды жүргізілген медициналық тексеру мен қосымша зерттеулердің нәтижелері негізінде медициналық комиссиямен шығарылады, – деп түсіндірді ведомство.
Медициналық тексеру қанша тұрады?
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, №073/у нысанындағы анықтаманы алу үшін жүргізілетін медициналық тексеру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейді.
Бұл медициналық тексеру мемлекеттік қызмет болып саналады және ақылы негізде көрсетіледі, – деп хабарлады ведомство.
Министрлік медициналық тексерудің құнын реттемейтінін де атап өтті. Сондықтан баға медициналық ұйым мен өңірге байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Дәрігерлер қарсы көрсетілім анықтаса не болады?
Медициналық тексерудің теріс нәтижесі көлік құралын басқаруға рұқсат беретін анықтаманы беруден бас тартуға негіздердің бірі болып саналады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бас тарту себебі көрсетіліп, қызмет көрсетуші ұйым басшысының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның қолы қойылған хат түрінде рәсімделеді.
Бұл шешімге шағым беруге болады. Ұйымның немесе оның қызметкерлерінің шешімдеріне, әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағым қызмет көрсетуші ұйымның басшысына беріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шағым тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс.
Көлік басқару құқығын тоқтату мен жүргізуші куәлігінен айыру – бір нәрсе емес
Айдар Советбеков медициналық тексеруге байланысты көлік басқару құқығының тоқтатылуын жүргізуші куәлігінен айырумен шатастырмау керегіне назар аударды.
Бұл – мүлде бөлек екі құқықтық мәртебе. Жүргізуші куәлігінен айыру – мас күйінде көлік жүргізу секілді өрескел құқық бұзушылықтар үшін тек сот шешімімен және нақты мерзімге қолданылатын қатаң жаза. Ал құқықты тоқтату, яғни бұл жағдайда уақытша тоқтата тұру – автоматты түрде қолданылатын қауіпсіздік шарасы. Сіз қылмыс жасаған жоқсыз, мемлекет тек денсаулығыңыз көлікті қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретінін құжатпен растағанға дейін құқығыңызды уақытша тоқтатады, – деп түсіндірді адвокат.
Құқық тоқтатылғанына қарамастан көлік жүргізсе не болады?
Советбековтің айтуынша, көлік басқару құқығы тоқтатылғаннан кейін де адам көлік жүргізуді жалғастырса, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Егер медициналық тексерудің мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан көлік тізгініне отырсаңыз, патрульдік полиция инспекторы үшін бұл жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізумен тең болады. Құқық бұзушылық ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігі бойынша сараланады. Жаза – 20 АЕК көлемінде айыппұл. Бұдан бөлек, әрі қарай көлік жүргізуге құқығыңыз болмағандықтан, автомобильді айып тұрағына қоюға толық құқылы, – деді адвокат.
Оның айтуынша, құқық бұзушылық қайталанса, жауапкершілік күшейеді.
Егер алғашқы айыппұлдан кейін де жүргізуші медициналық комиссиядан өтпей, бір жыл ішінде қайтадан көлік жүргізіп ұсталса, ӘҚБтК-нің 612-бабының 4-бөлігі қолданылады. Бұл жағдайда айыппұл 30 АЕК-ке дейін өседі, – деді Айдар Советбеков.
Жүргізуші жол-көлік оқиғасына түссе не болады?
Тағы бір мәселе сақтандыруға қатысты. Адвокаттың айтуынша, оның салдары әкімшілік айыппұлдан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.
Егер жол-көлік оқиғасына кінәлі болып, медициналық анықтамаңыздың мерзімі өтіп кеткен болса, сақтандыру компаниясы зардап шеккен адамға өтемақы төлейді, бұған заң кепілдік береді. Бірақ кейін сақтандырушы регресс құқығын қолданады. Сіз көлік тізгінінде заңсыз, яғни расталған басқару құқығынсыз отырғандықтан, сақтандыру компаниясы зардап шеккен адамға төлеген соманың барлығын сізден сот арқылы өндіріп алады, – дейді Айдар Советбеков.
Медициналық тексеруден өткенмен, жүйеде көрінбесе ше?
Тағы бір жағдай болуы мүмкін: адам медициналық тексеруден уақытында өткен, бірақ техникалық себептерге байланысты мәлімет ақпараттық жүйеде көрінбей қалуы ықтимал.
Айдар Советбеков мұндай жағдайда тексеруден өткенін растайтын құжатты өзімен бірге алып жүруге кеңес береді.
Егер сізді полиция қызметкері тоқтатып, жүйеде медициналық тексеруден өтпегеніңіз көрсетілсе, қағаз құжатты көрсетіңіз. Егер полиция қызметкері соған қарамастан хаттама толтырса, міндетті түрде: «Құқық бұзушылықпен келіспеймін, медициналық тексеруден уақытында өттім, анықтаманың түпнұсқасы бар» деп жазыңыз. Осыдан кейін айыппұлға 10 тәулік ішінде әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа шағымдану қажет. Сот клиникадан мәлімет сұратып, жүйедегі қатені растап, айыппұлдың күшін жояды, – деп кеңес берді адвокат.
Емтиханды қайта тапсыру керек пе?
Советбековтің айтуынша, медициналық комиссиядан өткеннен кейін мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесінен ІІМ дерекқорына түсуі тиіс.
ІІМ де 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту үшін бөлек өтініш берудің немесе медициналық тексеруден өткені туралы ведомствоны арнайы хабардар етудің қажеті жоқ екенін түсіндірген. Басты талап – екі жылда бір рет жүргізушілерге арналған медициналық тексеруден өту.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
