Бүгін, 2026 жылғы 25 тамызда Қазақстанның Бас прокуратурасы самокаттың енді ойын-сауық құралы емес екенін мәлімдеп, азаматтарға жолдағы жаңа ережелер мен жауапкершілік туралы еске салды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бас прокуратура өкілі Саян Әбденов атап өткендей, Қазақстан жолдарында электр самокаттары, мопедтер, велосипедтер және басқа да жеке мобильділік құралдарының саны жыл сайын артып келеді.
«Олардың танымалдығы артқан сайын осындай көлік құралдарының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары да көбейіп барады. Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол апаты тіркеліп, 33 адам қаза тапты, тағы 461 адам жарақат алды. Велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын жүргізушілердің кінәсінен 97, электр самокатын жүргізушілердің кінәсінен 47 жол апаты болды. Осы оқиғалардың салдарынан 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапты», – деді спикер.
Бас прокуратура өкілінің айтуынша, мұндай көлік құралдарын пайдаланушылардың өздері де жол апатынан жиі зардап шегеді. Электр самокатын жүргізушілерді қағудың 145, мопед жүргізушілерін қағудың 82 және шағын электр көлік құралдарын жүргізушілерді қағудың 52 дерегі тіркелген. Бұл жол апаттарынан төрт адам қаза тауып, тағы 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.
«Бұл деректер жол қауіпсіздігі жол қозғалысына қатысушылардың барлығының тәртібіне байланысты екенін көрсетеді», – деді Саян Әбденов.
Ол жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты заңнамаға жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған өзгерістер енгізілгенін еске салды.
«2026 жылғы 25 тамыздан бастап электр самокаттарының тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Велосипед жолы немесе велосипед жолағы болған жағдайда тек солармен жүру қажет. Ал олар болмаған кезде Жол қозғалысы қағидаларына сәйкес жолдың жүру бөлігінің оң жақ жиегімен немесе жол жиегімен қозғалуға рұқсат етіледі», – деді Саян Әбденов.
Сондай-ақ қазақстандықтар жолдың жүру бөлігімен тек 18 жастан асқан, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын пайдаланатын адамдардың ғана жүре алатынын есте ұстауға тиіс.
«Мопед жүргізушілері тек жолдың жүру бөлігімен қозғалуға міндетті. Ал жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өткен кезде самокат, велосипед және мопед иелері көліктен түсіп, оны жанына жетектеп өтуге тиіс. Жолаушы тасымалдауға, рульді ұстамай телефон пайдалануға, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады», – деді Саян Әбденов.
Бас прокуратура өкілінің айтуынша, адамдар көп жүретін жерлерде жоғары жылдамдықпен қозғалу ерекше қауіп төндіреді. Ең алдымен балалар, қарттар және балалар арбасымен жүрген ата-аналар қауіп-қатерге ұшырайды. Сондай-ақ дымқыл асфальт, металл құдық қақпақтары мен тақтатас төселген жолдар да қауіпті. Өйткені мұндай жерлерде дөңгелектің жолмен ілінісуі айтарлықтай төмендейді.
«Әр сапар алдында көлік құралының жарамдылығын тексеріп, қорғаныш жабдықтарын пайдалану және қозғалыс кезінде алаңдамау қажет», – деді Саян Әбденов.
Спикер автокөлік жүргізушілеріне де үндеу жасады.
«Автокөлік жүргізушілері де барынша мұқият болуға тиіс. Қиылыстардан, аула аумақтарынан, жаяу жүргіншілер өткелдерінен және самокат пен велосипед пайдаланушылары шығуы мүмкін жерлерден өткен кезде жылдамдықты төмендетіп, жолдағы жағдайдың күтпеген жерден өзгеруіне дайын болу қажет», – деді ол.
Бас прокуратура өкілінің мәлімдеуінше, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол апаттары ерекше алаңдаушылық туғызады.
«Ата-аналар балаларына ерте жастан бастап Жол қозғалысы қағидаларын үйретіп, олардың самокат пен велосипедті пайдалануын бақылауға және заңмен тыйым салынған жағдайларда көлік құралдарын басқаруына жол бермеуге тиіс», – деді Саян Әбденов.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты Бас прокуратура қазақстандықтарға мына жайтты еске салды:
«Электр самокаты, велосипед немесе мопед адамды жолда қауіп-қатерден қорғай алмайды. Автокөлікпен соқтығысқан жағдайда көбіне екі дөңгелекті көлік жүргізушісі ауыр жарақат алады. Бірнеше секундтық асығыстық, абайсыздық немесе ережелерді елемеу денсаулық пен өмірге қауіп төндіруі мүмкін».
Сондай-ақ азаматтарға жол қауіпсіздігі әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатыны ескертіліп, өздері мен жақындарын қорғауға шақырды.
Бұған дейін 25 тамыздан бастап Қазақстанда электр самокаттарының тротуарлармен жүруіне тыйым салынатынын жазған едік.
Электр самокатымен тротуарда жүргені үшін жүргізушіге қандай айыппұл салынатынын сілтемеден біле аласыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
