Фото: qulantany.kz
Мемлекеттің өркендеуі, дамуы мен шарықтауы ел тұрғындарының өмір сүру деңгейімен бағаланады. Ал бұл бағытта халықтың еңбек нарығы мен әлеуметтік ахуалы саясаттағы ұстанымға байланысты. Кейінгі жылдары отбасылық әл-ауқатты көтеру мен нығайтуда түрлі жобалар іске асырылды. Алайда халықтың көңілінен шықпағандары да бар. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр 20 сәуірде «ҚР Әлеуметтік кодексі» қабылданып, 1 шілдеден бастап заңды күшіне енген болатын. Кодекс аясында бүгінге дейін атқарылған жұмыстың нәтижесін баяндау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.
Іс-сапар барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, трансформациялау, ана мен баланы қорғау жүйесі туралы баяндады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға иппотерапиямен оңалту қызметін көрсететін ұйымның жұмысымен танысып, Талсуат елді мекенінде орналасқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты оңалту орталығы мен балаларға арналған арнаулыәлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын аралады. Сондай-ақ, өңір тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындармен кездесу барысында атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі өзгерістер, зейнетақы төлемдері, мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне жеке-жеке тоқталды.
– Өткен жылы атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік кодекстегі маңызды өзгерістер туралы халыққа баяндап, ақпараттандыру үшін бір топ мамандар Сыр өңіріне арнайы келдік. Базалық зейнетақы мөлшері Мемлекет басшысының Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес енді бірте-бірте артатын болады. Сондай-ақ ана мен баланы қорғау жүйесінде де біршама өзгеріс бар. Алтын мен күміс алқа иегерлерінің жәрдемақы мөлшері сараланып, бала күтімімен отырған аналар бір жарым жасқа дейін жәрдемақы алуға мүмкіндік алды. Әлеуметтік кодекс аясында мүгедектігі бар азаматтарға қатысты көптеген жүйелі өзгеріс енгізілді, – деді вице-министр.
Әлеуметтік кодекстің негізгі мақсаты халықтың түсінуін жеңілдету үшін әлеуметтік саладағы заңнаманың барлық нормасын бір құжатқа шоғырландыру. Яғни әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қолданыстағы заңдар мен актілер біріктірілген. Кодекстегі негізгі жаңалықтың бірі отбасының цифрлық картасы.
− Барлық өңір бойынша отбасының цифрлық картасы енгізілді. Бұл – жергілікті әкімдіктер мен басшыларға таптырмас құрал. Осы карта аясында түрлі санаттағы отбасылармен жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Қызылордада «Е» санатын құрайтын 9 мыңға жуық отбасы бар, − деді Назгүл Сағындықова.
Цифрлық картаға қайта оралайық. Бұл мемлекеттегі отбасылардың дербес дерекқоры. Жобаны енгізудің нәтижесінде жыл басынан бері 207 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жол данған. Ал өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 95 мың адам пайдаланды. Цифрлық картада Қазақстанның 20 млн азаматы туралы ақпарат жинақталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зейнетақы мөлшері өзгертілуде. Қазақстан бойынша зейнеткерлер саны 2,3 млн, ал Қызылорда облысында зейнеттегі адамдар саны 83 мыңнан асады. Аймақтағы орташа зейнетақы мөлшері 155 мың теңгеге жуық.
Жалпы зейнетақы базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы деп қарастырылады. Бүгінге дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 54%-ды құраса, енді бұл мөлшер 70%-ға артады. Ал 1998 жылға дейін еңбек өтілімі бар азаматтарға төленетін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданған ең жоғары табыс мөлшері 46 айлық есептік көрсеткіштен 55-ке көтерілген.
– Биыл 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақылардың өсуі 9%-ды құрады. Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері ұлғайтылды. Жалпы республика бойынша зейнетақы төлемдеріне былтыр 3 трлн 300 млрд теңге бағытталды, осы жылы 3 трлн 785 млрд теңге бағыттау жоспарлануда, – деді вице-министр.
Жоғарыда айтылған ана мен баланы қорғау жүйесіндегі өзгерістерге ойыссақ. Бала күтімімен үйде отырған аналар 1 жылға дейін жәрдемақы алатын, енді жәрдемақы баланың бір жарым жасына дейін төленеді. Одан бөлек, алтын алқа иегерлеріне 1 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде ақша қосылады. Биылғы 1 айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 3 692 теңгеге өскен.
Вице-министрдің сөзінше, мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға көп өзгеріс енгізілген. Бұл бағытта жүйені трансформациялау қарастырылған. Денсаулық сақтау және білім саласы жан басына шаққандағы қаржыландыруға әлдеқайда бұрын ауысқан. Бұл жеке бизнестің келуін білдіреді. Мәселен, білім саласындағы балабақшалар, жеке мектептер, ал денсаулық сақтау бойынша жеке клиникалардың ашылуы жан басына шаққандағы тарифтің нәтижесі. Ендігі кезекте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жүйені қолға алады. Мүгедектігі бар азаматтар ауылда инфраструктураның жоқтығынан қалаға көшуге мәжбүр. Ал бұл жүйені әлеуметтік салада қолдану арқылы ауыл-аймақтарда бизнес жүргізу мүмкіндігі артпақ. Сонымен қатар ампутацияланған, генетикалық ауытқуы бар, мүгедектігі бар азаматтардың медицина саласындағы жұмысын тездету, оңтайландыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірге пилоттық жоба әзірленуде.
Тұрғындармен кездесу барысында Назгүл С а ғ ы н д ы қ о в а ғ а жолданған сауалдың ең көбі атаулы әлеуметтік көмекке тірелді. Жұбайы 4 жылдан бері бала күтімінде, өзі денсаулығына байланысты сыр қаттанып жүрген көпбалалы әке тұрмыстық жағдайы туралы айтты. Отбасындағы негізгі кіріс көзі зейнетақы мен балаға берілетін жәр демақы болса да, мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекті ала алмай жүр. Себебі отбасының табысыорташа күнкөріс деңгейінен 136 теңгеге асып кеткен. «Әлеуметтік көмек алады» деген құжаты болмаған соң балаларын тегін балабақшаға, лагерьлерге де жібере алмағанын айтты.
Бұл жағдай халықтың әлеуметтік өмірін айқындайды. Өңірде атаулы көмекке мұқтаж жандардың азаймағаны, бұған қоса көмекке мұқтаж жандардың ақшалай жәрдем ала алмауы қолданысқа енгеніне 5 жылға жуықтаған жобаның әлі де зерттеліп, толықтыруды қажет ететінін білдіреді.
Халықтың сұрағына жауап беру барысында вице-министр бұл бағыттағы жаңа бастамаларға тоқталды. Нақтырақ айтсақ, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасында 1-6 жасқа дейінгі бала болса, тағы қосымша төлем төленеді. Сондай-ақ медианалық табысқа көшу жоспарлануда. Ендігіде кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейі емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болады. Әлеуметтік көмек тағайындалғанда тек кіріс емес, отбасының шығысы да есептелінбек.
Назарға алатын келесі жағдай, жұмыссыздық, кедейліккке қатысты мәселелерді ортаға салып, салдары мен шешімін қарастырумен қатар, кездесуде денсаулық сақтау саласына қатысты сауалдар көп болды. Халық медициналық қызметтерге көңілдері толмайтынын жеткізді. Бұл сонда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағындағы мәселе ме? Денсаулық сақтау министрлігі, ұйымдар, басқармалардың жұмысының нәтижесі қайда?
«Ауруын жасырған өледі» демекші, қай сала болмасын оң нәтижемен бірге олқылығы да айтылуы қажет. Халық − қоғам – мемлекет. Мемлекеттің салғырттығы халықтың қайғысына айналмасын.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!