Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Байқоңыр қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі жаңадан тағайындалған арнайы өкілі Қайрат Нұртаймен бірге Байқоңыр қаласының №277 мектеп-лицейіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Ғарыш кешенін жалға алу жағдайында ерекше мәртебеге ие Байқоңыр қаласында қазақстандық және ресейлік екі білім беру жүйесі жұмыс істейді. Қалада орналасқан қазақ тілінде оқытатын 5 мектеп Қызылорда облысының Қармақшы аудандық білім бөліміне қарайды. Ресейдің білім министрлігіне орыс тілінде оқытатын 7 мектеп қарайды.

Қазақстандық білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу барысында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов Байқоңыр қаласының білім беру жүйесінің негізгі мәселелері туралы баяндады.«Байқоңырдағы Ресей мектептерінде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту мәселелерін екіжақты үкіметаралық комиссия пысықтауда», – деп атап өтті ол.Сондай-ақ, облыс әкімі Қызылорда өңіріндегі үздіктердің бірі саналатын №277 мектеп-лицейінің озық жобаларымен және жетістіктерімен танысты.