Ауыл шаруашылық министрлігі сүт өнімдерінің өндірісі жыл соңына дейін 8%-ға қысқарады деп болжам жасаған. Ведомство мәліметінше алғашқы 6 айда өңделген сүт шығару 410 мың тоннадан 373 мың тоннаға дейін немесе 9%-ға азайған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап. 

Ресей мен Украина арасындағы жанжал сүт өндірісінің қысқаруына әсер еткен. Шикі сүт, май мен өзге де қажетті қоспалар осы елдерден әкелінген. Алайда иимпорт бір жолға қойылмағандықтан, елде сүт өнімдерінің тапшылығы байқалады. Ал отандық зауыттардың қуаттылығы ішкі нарықты тек 70%-ға қамтамасыз етуге жетеді. 

«Азық-түлік қауіпсіздігін бірден ретке келтіру мүмкін емес. Әрине, бұл үшін бүтіндей агроөнеркәсіп кешендері, фермалар мен зауыттар, жем-шөп керек. Бұл 30 жыл бұрын мінсіз жұмыс істеген тізбек еді. Алайда мұның барлығы 30 жылда үзіліп қалды», – дейді экономист Бекнұр Қисықов. 

Елде ірімшік пен сүзбе өндірісі де азайған. Жыл басында 26,5 мың тоннна өндірілсе, қазір 24,5 мың тонна ғана өндіріледі. Сонымен қатар сары май мен қойылтылған сүт те аз өндіріледі екен. 

«Қазақстанда сүт өнімдерін дайындау үшін шикі сүттің сапасы айтарлықтай жоғары емес. Егер сүт тез ашыса, сапалы екенін көрсетеді деген миф бар. Алайда керісінше тез ашыса, құрамында бактериялар көп деген сөз, яғни сапасы төмен», – деді Сүт нарығын зерттеу орталығының басшысы Михаил Мищенко. 

Ішкі нарықты сүт өндірісінің қысқаруы тауардың қымбаттауына алып келді. Жыл басынан бері баға екі есеге өскен. Мәселен, ақпанда майлылығы 3,2% болатын сүт 300 теңге болса, қазір оның бағасы 620 теңге. 

Мамандар жағдайды реттеу үшін Иран, Тәжікстан мен Түркия арқылы логистика тізбегін реттеуге тырысып жатыр. Сонымен қатар шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіріп, сүтті мал тұқымдарын сатып алуды субсидиялау қажет. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!