400 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев мәлімдеді. Балалар жылында Оқу-ағарту министрлігі «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында оқушыларға көрсетілетін материалдық көмек ережелеріне өзгерістер енгізді.

Осының нәтижесінде әлеуметтік осал санатындағы 400 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. «Бұған дейін арнайы санаттағы балаларды мектепке дайындау үшін мемлекет есебінен бөлінетін қаражат мөлшері 17-40 мың теңге аралығында болатын. Таяуда бұл нормаға министрлік ұсынысы бойынша өзгерістер енгізілді. Енді ең төменгі көмек – 37 389 теңге болады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгерістер енгізілді. Енді ақша ата-аналардың шотына тікелей аударылады. Бұған дейін қажетті заттарды әкімдіктер сатып алатын. Сондықтан да тауардың көлеміне, сапасына байланысты мәселелер туындайтын», – деді Дулат Жекебаев тілші сауалына орай.

Министрлік өкілінің мәліметінше, биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі.

«Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері көпбалалы аналармен бірнеше рет кездесіп, әкімдіктермен бірлесе мәселелерді талқылады. Нәтижесінде әлеуметтік осал топқа жататын балаларға көмек көрсету ережелерін өзгерту үшін бастама көтерді. Негізгі қолдау шараларын әкімдіктер жүзеге асыратындықтан, биыл олар қаржылай көмек алатын барлық балаға 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бүгінгі таңда бұл сомадан да артық қаржы бөлетін жергілікті атқарушы органдар бар. Біз мұны тек құптаймыз. Қаражаттың ұлғаюы – бұл көмекті алатын 418 мыңнан астам балаға оң әсер етеді», – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, Дулат Жекебаев жаңа оқу жылы қарсаңында жетімдер үйінің тәрбиленушілері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және төтенше жағдайға тап оқушыларға да материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!